Сіздерді көктем шуағымен ілесе келген 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жыл ішіндегі ең бір жарқын да қуанышты күн – көктемнің жыл құсындай алғашқы осы мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде ерекше ілтипатпен атап өтіледі. Бұл мерекенің аясына аналардың, қыз-келіншектердің, жалпы әйел баласының бойындағы махаббат, әсемдік, мейірімділік, ізгілік секілді қасиеттер, отбасындағы береке мен ынтымақ сыйып тұр.
Қазақтың бағзы заманнан бастау алған ұлы тарих көшінде әйел-аналарымыздың алар орны ерекше. Қасиетті Ұмай анадан тартып, Зарина, Томирис секілді ханшайымдарға, ел анасына айналған Домалақ, Қарқабат, Айғаным секілді әз-аналарымызға, ел шетіне тиген жауға қарсы ер-азаматтармен қосыла атқа мініп шайқасқан Бопай, Әлия, Мәншүк секілді өр рухты қыздарымызға ұласқан ақыл мен парасаттың, ажар мен көріктің, ерлік пен өрліктің желісі үзілмеген. Осынау жалынды жігер, асқақ рух бүгінгі қазақ қыздарының бойынан да өше қойған жоқ.
Иә, көктемгі нұр мен шаттыққа толы осынау күнді барша ер-азаматтар да ерекше қадір тұтады. Құрметтейді. Өйткені, қашанда елге тұтқа, ұрпаққа пана болған әйел затынсыз жарық дүниені, төрткүл әлемді, толайым тіршілікті елестету мүмкін емес.
Бүгінгі мерейлі күні Сіздерге қуаныш пен шаттық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін.
Ізгі ниетпен,
БҚИТУ ректоры Б.Т. Шакешев