Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті базасында 2026 жылдың 13-ақпанында филология және оқыту әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай әлемі: сөз бен саз үндестігі» атты рухани-танымдық шара өткізілді.

Аталған кештің басты мақсаты – Абай мұрасын жас ұрпақ санасына терең сіңіру, ақын шығармашылығындағы көркем сөз бен әуезді саздың үйлесімін таныту, ұлттық рух пен рухани құндылықтарды дәріптеу болды.

Аталған іс-шара шеңберінде университет кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» атты тақырыптық кітап көрмесі жасақталды.

Көрермендерге Абай әлемінің рухани кеңдігі, тілдік шеберлігі мен ой тереңдігі әдеби-сазды композициялар арқылы әсерлі түрде жеткізілді. Абай қазақты әлемге танытқан ұлы тұлға. Қазақ бар жерде Абай бар, Абай бар жерде қазақ бар. Бұл – екі егіз ұғым. Бұл – біздің ұлттық кредомыз. Осы тұрғыда, әдеби сазды-кеш сахнасы Абайдың 1 қара сөзімен Абай образының сомдалып ашылуымен ерекше әсер берді.

Шара барысында филология және оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушылары мен білім алушылары Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, ақынның философиялық ой-толғамдарына, адамгершілік, білім мен ғылымға үндейтін идеяларына жан-жақты талдау жасады. Студенттер ақын поэзиясын көркем оқу арқылы жеткізіп, әндері мен сазды шығармаларын орындап, кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Әрқашанда қазақтың ән-жырымен, күйімен, даналы сөзімен бірге кең пейілді дастарханы қатар жүреді. Бұл біздің өзіміздің ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымыз. Әр дастарханда той бастар шырқалып, ауылдың алтыауызы өнерін көрсетсе, келген қонақтардан қонақ кәде сұрайтын әдеп-ғұрпымыз тағы бар. Ендеше ерекше форматта ұйымдастырылған кешіміздің ең әсерлі  бөлімі «Әдеби кафе» танымдық, ой бөлісу, пікір алмасу алаңына көрермен қонақтар шақырылып, қонақ кәде сұралды. Бұл бөлімде келген көрермендер тек тыңдаушы ғана емес, «Әдеби кафе» алаңына шығып, дәмнен ауыз тиіп, сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасып, Абай туралы білімдерін ортаға салды. Өйткені Абайды тану – тоқтамайтын үдеріс, ол әр буынмен бірге жаңғырып отырады.

Шара қатысушылары ұлы ақынның шығармалары бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпағанын, оның ойлары қазіргі қоғаммен үндес екенін ерекше атап өтті. «Бүгінгі кештен әрқайсымыз өзімізге бір ой, бір тағылым, бір рухани азық алдық»,- деген ерекше ілтипаттарын да айтты.

«Абай әлемі: сөз бен саз үндестігі» атты бұл рухани кеш университеттің білім алушылары үшін тәрбиелік мәні зор, танымдық деңгейі жоғары тағылымды шаралардың бірі болды. Абай мұрасын насихаттауға бағытталған мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz