Орал қаласында алғаш рет инновациялар мен цифрлық технологияларға арналған ауқымды IT SPEAKERS DAY фестивалі өтті. Іс-шара Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай ұйымдастырылып, өңірдегі IT саласының дамуына жаңа серпін беретін маңызды алаңға айналды.
Фестиваль Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен IT-бизнес өкілдері, білім беру ұйымдары және өңірлік кәсіпкерлік қауымдастықтың қолдауымен ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты — бизнес, білім және жастар арасындағы өзара байланысты нығайтып, өскелең ұрпақ арасында цифрлық технологиялар, инновациялық ойлау және кәсіпкерлік мәдениетін дамыту. IT SPEAKERS DAY аясында жасанды интеллектті түрлі салаларға енгізу, отандық IT-жобаларды дамыту, цифрлық дәуірдің жаңа мамандықтары, жастарға арналған технологиялық мүмкіндіктер және стартаптарды қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.Фестиваль барысында IT-компания жетекшілері, кәсіпкерлер, инвесторлар, оқытушылар, студенттер мен мектеп оқушылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи технологиялардың даму бағыттары жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар өңірдегі IT-лицейлер, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды. Жас әзірлеушілер жасанды интеллект, цифрлық білім беру, робототехника және технологиялық кәсіпкерлік бағытындағы тың шешімдерін ұсынды.
Аталған іс-шараға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті де белсенді қатысты. Университет өкілдері білім беру бағдарламаларын, IT саласындағы заманауи мамандықтарды және студенттерге арналған мүмкіндіктерді таныстырды. Сонымен қатар университет студенттері өздерінің цифрлық жобалары мен инновациялық идеяларын көпшілік назарына ұсынып, фестиваль қонақтарының қызығушылығын тудырды.БҚИТУ өкілдері университетте ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, цифрлық инженерия және жасанды интеллект бағыттары бойынша білікті мамандар даярланатынын атап өтті. Сондай-ақ студенттердің ғылыми жобаларға қатысуы, тәжірибеден өтуі және IT саласындағы стартаптарды дамыту мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, IT SPEAKERS DAY өңірлік IT-қоғамдастықты дамытуға, бизнес пен білім саласы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның жаңа буын цифрлық көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды платформаға айналады.

