2026 жылғы 18 мамырда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің құқық кафедрасы мен Саратов мемлекеттік заң академиясының еңбек құқығы кафедрасы бірлесіп студенттерге арналған «Қазақстан Республикасындағы еңбек шартын тоқтату: теориялық негіздер және сот тәжірибесі» тақырыбында бинарлық дәріс ұйымдастырды.

Дәрісті Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Серікбекова Самал Бақытовна өткізді.

Дәріс барысында Қазақстан Республикасындағы еңбек қатынастарын тоқтатудың өзекті мәселелері, еңбек шартын бұзу негіздерін құқықтық реттеудің ерекшеліктері, қызметкерлер құқықтарының кепілдіктері, сондай-ақ еңбек даулары бойынша сот тәжірибесінің жекелеген аспектілері қарастырылды. Студенттердің ерекше қызығушылығын еңбек дауларын шешудің тәжірибелік мысалдары мен соттардың еңбек заңнамасы нормаларын қолдану мәселелері тудырды.

Саратов мемлекеттік заң академиясының студенттері тарапынан да тақырыптық презентациялар ұсынылды. Баяндамалар барысында прокуратура органдары қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеудің жекелеген аспектілері қозғалып, сондай-ақ Ресей Федерациясының 2013 жылғы 28 желтоқсандағы «Сақтандыру зейнетақылары туралы» Федералдық заңының ережелері таныстырылды.

Дәріс диалог форматында өтті: қатысушылар сұрақтар қойып, пікір алмасты және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы еңбек құқықтық қатынастарын реттеудің ерекшеліктерін талқылады. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен ғылыми-білім беру іс-шараларын өткізуге қызығушылық білдірді.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz