Ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде 6B01501 – Информатика білім беру бағдарламасының білім алушылары үшін маңызды білім беру іс-шарасы ұйымдастырылды.
2025–2026 оқу жылының 13–25 сәуір аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Кошанова Гулназира Данебековна «Жасанды интеллект негіздері» пәні бойынша дәрістер курсын өткізді.
Дәрістер барысында білім алушылар жасанды интеллекттің негізгі ұғымдары, даму кезеңдері, заманауи бағыттары және білім беру жүйесіндегі қолдану мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет алды. Сонымен қатар, генеративті жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді пайдалану, оларды педагогикалық қызметте қолдану жолдары, сондай-ақ этикалық және академиялық адалдық мәселелері кеңінен қарастырылды.
Аталған іс-шара білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, цифрлық сауаттылығын дамытуға және болашақ информатика мұғалімдері ретінде жасанды интеллект технологияларын саналы әрі жауапкершілікпен қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Осындай академиялық ұтқырлық аясындағы ынтымақтастық екі жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-білім беру байланысын нығайтып, тәжірибе алмасуға және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.
