2026 жылғы 20 сәуірде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Салалық технологиялар институты, Ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасында 1-5 курс білім алушыларымен кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулер келесі білім беру бағдарламалары бойынша өтті: 6В11201 Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі, 6В09103 Ветеринария, 6В09104 Ветеринария (ББББ), 6В09105 Ветеринария зооинженерия негіздерімен, 6В07205 Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі, 7М09101/7М09102 Ветеринариялық медицина.
Кездесулердің модераторлары: кафедра меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты Байтлесова Л.И., кафедра меңгерушісінің орынбасары, эдвайзер Кенесарина К.Х., сондай-ақ эдвайзерлер Жумагалиев И.К., Амиргалиева А.М., Утарова М.М. Магистранттармен кездесу Zoom платформасында онлайн форматта өтті. Кездесуге кафедраның профессор-оқытушылар құрамы да қатысты.
Кездесу барысында кафедра меңгерушісі Байтлесова Лаура Ильясовна оқу үдерісін ұйымдастырудың негізгі мәселелерін, атап айтқанда сабаққа қатысу, межелік бақылауларды уақытылы тапсыру, барлық практика түрлерінен өту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына және кәсіби сертификаттауға қатысу мәселелерін қамтыды. Сонымен қатар студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу және тәрбие жұмыстарына ерекше назар аударылды. 2025-2026 оқу жылындағы қорытынды аттестацияға дайындық бойынша жан-жақты түсіндірме берілді.
Қосымша ретінде білім алушылардың оқу жетістіктерін неғұрлым объективті және кешенді бағалауға бағытталған, сондай-ақ академиялық ашықтық пен мотивацияны арттыратын интеграцияланған GPA жүйесін енгізу туралы ақпарат ұсынылды.
Кездесу аясында студенттер мен магистранттардың сауалнама нәтижелері де талқыланды. Білім алушылардың ұсыныстары назарға алынып, білім беру үдерісінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Бұл өз кезегінде пәндер мазмұнын жетілдіруге, оқу үдерісін ұйымдастыруды жақсартуға және ақпараттық қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған.
Эдвайзерлер мен оқытушылар білім алушыларға сабаққа тұрақты қатысудың, академиялық тәртіпті сақтаудың және оқу ақысын уақытылы төлеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар университеттің wkitu.kz ресми сайтында, zkitu_zko Instagram парақшасында және Салалық технологиялар институтының электрондық деректер базасында кафедра қызметі мен білім беру бағдарламалары бойынша жаңартылған ақпараттар ұсынылатыны туралы мәлімет берілді.
Кездесу барысында білім алушылар белсенділік танытып, оқу ақысы, қысқы емтихан сессиясының кестесі және басқа да ұйымдастырушылық мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Барлық сұрақтарға толық әрі нақты жауаптар берілді.

