Батыс Қазақстан инновациялық – технологиялық университетінде өмірін ғылым жолына арнап жүрген нәзік жанды ғалымдар қатары мол. Солардың бірі– тарих ғылымдарының кандидаты, «Тарих және құқық» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Райса Лесқызы Абдрахманова.

Райса Лесқызы отандық тарих ғылымын дамыту жолында еңбектеніп, Қазақстанның білім беру ісінің тарихын, әсіресе батыс өңірдегі білім беру мекемелерінің құрылуы мен қалыптасу тарихының мәселелерін мұрағаттық деректер негізінде талдап, саралап, тұжырымдап жүрген ғалым.

Райса Лесқызы Абдрахманованың тарих ғылымында зерттеген бағыттарының бірі – тарихи білім. Білім тарихы деп те аталатын отандық тарихтың аймақтық мәселесін алғашқылардың бірі болып зерттеген. Ол ғылыми зерттеулерін үзбей жалғастырып, қомақты жетістіктерге қолжеткізіп келеді. Ғылыми ізденістерінің нәтижесінде «Народное образование Западного Казахстана: становление, развитие, противоречие (1841-1941гг)» атты монография, 100-ден аса ғылыми мақала жарық көрді.

Білімін студенттермен, магистранттармен бөлісіп, олардың көкірегіне құйып, саналарына сіңіріп келе жатқан ұстаздық қызметі де нәтижелі. Оған дәлел – Райса Лесқызының ғылыми жетекшілігімен қорғалған бірнеше магистрлік диссертацияларды айтуға болады.

Ғалым өзінің нәтижелі еңбегінің арқасында «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» марапатының иегері болды.

Райса Лесқызы Абдрахманова 2021 жылы Орал қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша дайындалған «Орал қаласының тарихы» атты еліміздегі алғашқы интерактивті ұжымдық еңбектің авторы ретінде белгілі ғалым.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz