Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті 28-қыркүйек күні Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдарымен кездесу өткізді. Кездесу қонақтары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Төлегенқызы Ахметова мен Атырау қаласы Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының Атырау қаласындағы филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы кафедрасының профессоры Серік Қуаныш Орынғалиұлы Гурьев (Атырау) облысындағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған анықталмаған өкілдер мен сол аумақтағы саяси шиеленістер туралы тың деректермен бөлісті. Кеңес Одағы кезіндегі қуғын-сүргін құрбандары туралы тың ақпараттар жарияланып, құжаттарының деректерін жинақтау жүріп жатқандығы баяндалды. Тарихи мәні зор шараға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен «Тарих» білім беру бағдарламасының студенттері мен магистранттары қатысты.
Кеш соңында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Ғылыми кітапханасына «Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі Атырау облысы мемлекеттік архиві құжаттарында (1920-1940)», «Гурьев уезі зиялыларының өкілдері», «Қазақ хандығы құрылымындағы билер, батырлар, қожалар, жасауылдар, аталықтар және тархандар институттары» атты монографиялық еңбектерін тарту етті.
