Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған, Сырым Датұлының 280 жылдығына арналған «Дала реформаторы – Азияға ортақ тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция осы жылдың 30 қыркүйегінде оздырылды. Ғылыми жиын қазақ ұлт-азаттық қозғалысының белгілі тұлғасы, XVIII ғасырда өмір сүрген атақты би, шешен, даңқты батыр Сырым Датұлының тағдырлы өмірінен тағылым алу мақсатын көздеді. Конференцияға республиканың белгілі ғалымдары, қоғам, мәдениет қайраткерлері қатысты. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Құрманалин Самат Бақытжанұлы арнайы шақырту алып, «Сырым Датұлы және ол бастаған көтерілістің қазақ ұлт-азаттық қозғалысының тарихындағы орны» тақырыбында баяндама жасады. Ғалымның ғылыми-танымдық тұжырымдары бойынша халық Сырымды әділ би, батыр және қоғам қайраткері ретінде қастерлейді, ұмытпайды. Оның адамгершілігін, батырлығын, шешендігін, әділ билігін халық күні бүгінге дейін үлгі тұтып, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп келеді.