2022 жылдың 3 қазанында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Түркітану және Алтайтану» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен «Қыпшақтанудың өзекті мәселелері» атты ғылыми семинар өтті. Семинардың арнайы қонақтары Венгрия Республикасының ғалымдарыфилология ғылымдарының докторы, Будапешт қаласындағы Этнография институы Гуманитарлық зерттеулер орталығының аға қызметкері Сомфай Даут Қаражәне этнография ғылымдарының докторы, Салт дәстүрлер зерттеу орталығының аға қызметкері, музыкатанушы Гергей Аққұс.
Ғылыми семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, облыс мектептерінің мұғалімдері, мәдениет саласының қызметкерлері және облыстық Ғарифоллла Құрманғалиев атындағы филорманияның дәстүрлі әншілері қатысты.
Семинарда филология ғылымдарының докторы, профессор МұратСабыр қыпшақтану саласының бүгінгі мақсат-міндеттері туралы баяндама жасап, қонақтарға университетімізді таныстырды, «Түркітану және Алтайтану» бағытында жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстардың барысын баяндап берді.
Өз кезегінде 20 тілді еркін меңгерген Даут Қара қазақ тілінде сөз сөйлеп, сапарларының мақсат-міндеттерін ортаға салды. Ол өздерінің бұдан 9 ғасыр бұрын Еділ-Жайық бойынан үдере көшіп, Еуропаға ығысқан байырғы куман-қыпшақтардың ұрпақтары екендігін айта келіп, бүгінгі күні Жайық бойында, Ата жұрттамарқайып отырғандарын және де венгерлердің түп-тамыры қыпшақ ұлыстарымен байланысты екенін тілге тиек етті. Венгер тілінде түркі тілі элементтері көп екенін сөз арасында мысалмен дәлелдеп отырды.
Музыкатанушы Гергей Аққұсвенгер халық музыкасы мен қыпшақ текті ұлттар қарақалпақ, ноғай, қазақсаздарындағы ортақ белгілерді атап, туыстық белгілерді әуен иірімдеріндегі сарындар арқылы тану жолын аңғартты.Венгердің кобуз деп аталатын ұлттық аспабымен ән салған Гергей Аққұс, қазақтың халық әндерін, оның ішінде қара өлең саздарын зерттеу негізгі мақсаты екенін айтып өтті.
Қыпшақтанушы ғалым Мұрат Сабыр қонақтарды өлкеміздің тарихынан сыр шертетін Бөкей Орда, Жәнібек аудандарына апарып, қара өлеңді сазымен, мақамымен айтатын көне көз кариялармен кездестірді.
Батыс Қазақтан инновациялық-технологиялық университеті ғалымдары шетелдік ғалымдармен бірлесе зерттеулер жүргізуге келісімшартқа қол қойып, ізденіс жұмыстарын жалғастырмақшы болып келісті.
