2026 жылғы 9-қазанда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Жаратылыстану ғылыми пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп, есірткісіз өмір – жарқын болашақтың кепілі» тақырыбында Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен студент жастарға арналған кездесу өтті. Іс-шараға білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Кездесу барысында Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының Орал қаласы бойынша бөлімінің аға прокуроры Адитов Мұхаммед Ғилымұлы, Орал қаласы ПБ Абай ПБ ҚҚб ЮПт УПИ полиция капитаны Нуркаятова Мулдир Кайратовна және Орал қалалық КПБ жедел уәкілі, полиция лейтенанты Джумабаев Алихан Азаматович сөз сөйлеп, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға бағыну, зиянды әдеттерден аулақ болу және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Заң мен тәртіпті сақтау – қауіпсіз қоғамның негізі. Әрбір азаматтың заңға құрметпен қарап, өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауы қоғамдағы тұрақтылық пен әділдікті нығайтады. Әсіресе, жас ұрпақтың құқықтық сауатты, саналы және жауапты болып қалыптасуы – жарқын болашақтың маңызды кепілі.



