Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті білім беру сапасымен қатар, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға ерекше басымдық беріп, материалдық-техникалық базасын жүйелі түрде жаңартып келеді. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі ретінде Салалық технологиялар институты, «Сәулет және құрылыс» кафедрасына қарасты «Құрылыс материалдары және құрылыс жылу физикасы» зертханасы заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылды.
Атап айтқанда, зертхана келесі заманауи құрылғылармен жабдықталды:
- Гидравликалық шағын ПГМ-1500МГ4 пресі – бетон, керамика және басқа да құрылыс материалдары сынамаларының қысымға беріктігін 1500 кН-ға дейінгі жүктеме арқылы анықтауға арналған;
- Климаттық камера КШ24К-3/6 – материалдардың аязға төзімділігін зерттеп, оларды әртүрлі температуралық жағдайларда сынауға мүмкіндік береді;
- Зертханалық электронды таразы ВЛТЭ – өлшеу дәлдігі 0,01 грамм, сынамалардың массасын жоғары нақтылықпен анықтауға арналған.
Осы уақытқа дейін университет тарапынан зертханалық және ғылыми инфрақұрылымды дамытуға 30 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Үстіміздегі оқу жылының соңына дейін бұл бағытта қосымша 20 миллион теңгеге дейінгі құрал-жабдық сатып алу жоспарлануда.
«Сәулет және құрылыс» кафедрасы ғылым мен білімнің сабақтастығын басты қағида ретінде ұстана отырып, инновациялық зерттеулер жүргізуге, жаңа технологияларды енгізуге және өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға жүйелі түрде үлес қосып келеді.