Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінде 2-12 сәуір аралығында дәстүрлі іс-шара – «Ғылым онкүндігі – 2024» өтті.
Іс-шараның мақсаты – ғылыми қызметке тарту ғана емес, сонымен қатар университет оқытушылары мен білім алушыларын әртүрлі білім салаларында жаңа зерттеулер жүргізуге ынталандыру.
Биылғы жылы қазақтың тұңғыш геолог-ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, есімі мемлекет тарихында алтын әріппен жазылған Ұлттың біртуар перзенті, ХХ ғасыр ғұламасы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орайластырылып, университетте бірқатар семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер, қонақ дәрістері және т.с.с. іс-шаралары жүзеге асырылды.
БҚО-да орын алған су тасқынына байланысты төтенше жағдайға орай, 12-сәуірде жоспарланған салтанатты іс-шара кейінге шегеріліп, 14-мамырда жүзеге асты. Салтанатты шараны университеттің ректоры Б.Т.Шакешев ашып, барлық ғылым қызметкерлерін мерекемен шын жүректен құттықтады. Бекбулат Темержанович өз сөзінде оқу ордасында көптеген қызметкердің ғылыми жұмыспен айналысатындығын және ғылым мен инновацияны, технологияларды дамыту – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі саланың бірі, елімізді технологиялық көшбасшыға айналдыру үшін университеттік ғылымды дамытуда кешенді жұмыс жүргізу қажет, ал дәл осындай ғылыми іс-шаралар жастарды ғылыми қызметпен айналысуға шабыттандырып, үлкен ғылыми жетістіктер мен жаңалықтар ашуға ынталандыратынына тоқталды.
Мереке қарсаңында университеттің жетекші ғалымдары ғылым мен білімнің дамуына қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгілерімен, грамоталарымен және алғыс хаттармен, Жоғары оқу орындары қауымдастығының медальдарымен, университет ректоры алғыс хаттарымен марапатталды.
Мереке аясында, сонымен қатар, ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор І.Н.Жұбантаев шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, университет ғалымдарына БҚО мен Орал қаласы әкімдерінің Алғыс хаттарын және республикалық студенттік пәндік олимпиадалар жеңімпаздары атанған білім ордасы студенттеріне жүлделі орындар дипломдарын табыстады.





