2026 жылғы 2 сәуірде Ветеринария білім беру бағдарламасының студенттері үшін академиялық ұтқырлық аясында Башқұрт мемлекеттік аграрлық университеті мен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қатысуымен бірлескен онлайн-дәрістер ұйымдастырылды. Кездесу қашықтықтан форматта өтіп, ветеринария ғылымы мен тағам қауіпсіздігінің өзекті мәселелерін қамтыды.
Іс-шара барысында екі жоғары оқу орнының оқытушылары тақырыптық дәрістер ұсынды. Башқұрт мемлекеттік аграрлық университетінің жұқпалы аурулар, зоогигиена және ветеринариялық-санитариялық сараптама кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Зулейха Закуановна Ильясова ет, сүт және ет-сүт өнімдері арқылы берілетін инфекциялар мәселелерін қарастырды.
БҚИТУ тарапынан ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Каламкас Кадргуловна Кейкиева патогенді кокктар және олардың аурулардың дамуына әсері туралы дәріс оқыды.
Дәрістерге қатысу студенттерге инфекция қоздырғыштары туралы теориялық білімдерін кеңейтіп қана қоймай, олардың алдын алу мен мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаудың заманауи тәсілдерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Өткізілген іс-шара Ресей мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы академиялық алмасу үшін тиімді алаң болып, кәсіби байланыстарды нығайтуға және болашақ мамандардың құзыреттерін дамытуға ықпал етті.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Башқұрт мемлекеттік аграрлық университетіндегі әріптестеріне ынтымақтастық үшін алғыс білдіреді және бірлескен білім беру жобаларын одан әрі дамытуға мүдделі.


