2026 жылғы 3 сәуірде БББ 6В07104 – «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», 6В07101 – «Көлік, көліктік техника және технологиялар», 6В11301 – «Көлікті пайдалану, жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» білім беру бағдарламаларының білім алушылары өндірістік тәжірибелерін жетілдіру мақсатында АҚ «Уральскагрореммаш» кәсіпорнына экскурсия жасады.
Экскурсияға көлік және технологиялар кафедрасының магистр, аға оқытушылары Л.Х. Сарсенбаева мен М.К. Уразгалиева жетекшілік етіп қатысты.
Танымдық іс-шара барысында білім алушылар кәсіпорынның өндірістік үдерісімен, заманауи технологиялық жабдықтарымен және өндірісті ұйымдастырудың негізгі кезеңдерімен жан-жақты танысты. Сонымен қатар, оларға еңбек қауіпсіздігін сақтау талаптары, техникалық қызмет көрсету ерекшеліктері, сондай-ақ көліктік техникаларды жөндеу мен тиімді пайдалану тәсілдері туралы кеңінен мәлімет берілді.
Кездесу барысында кәсіпорын мамандары білім алушылармен еркін пікір алмасып, олардың сұрақтарына нақты жауаптар берді. Мұндай ашық диалог болашақ мамандардың кәсіби бағдарын айқындауға және салаға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Аталған экскурсия білім алушылардың теориялық білімдерін нақты өндірістік ортада бекітіп, олардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға мүмкіндік берді. Осындай тәжірибелік іс-шаралар болашақ мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарып, олардың еңбек нарығына бейімделуіне оң әсерін тигізеді.


