2023 жылдың 14 сәуір күні Батыс Қазақстан инновациялық- технологиялық университеті Тарих және құқық кафедрасының ұйымдастыруымен PhD докторы, БҚИТУ-нің қауымдастырылған профессоры, Археология орталығының меңгерушісі Қалменов Мұрат Дабылұлы мен тарихшы-ғалым «Батыс Қазақстан туристік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Құрымбаев Айболат Шамұратұлының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Шара барысында Қазақстанның ортағасырлардағы қалалық мәдениетінің тарихы және археологиялық зерттеулер жайында «Жайық қалашығы-ортағасырлық қала мәдениетінің ескерткіші» атты баяндамасында Қалменов Мұрат Дабылұлы қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер, қала құрылысының ортағасырлық бейнесі, тұрмысы, мәдениеті, шаруашылығымен таныстырды.
Сонымен қатар, тарих магистрі, осы университет түлегі «Батыс Қазақстан туристік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Айболат Шамұратұлы Құрымбаев «Ұлы дала мұрагерлері» экспедициясы туралы баяндамасында құнды мәліметтер баяндады.
Орал қаласынан шыққан «Ұлы дала мұрагерлері» экспедициясы 5 мың шақырым жол жүріп, Ресей Федерациясының Астрахань, Пятигорск өңірлерін аралап, Қырым түбегіндегі Ялта және Бақшасарай қалаларында болғанын, саяхатшылар Бөкей Ордасының соңғы билеушісі Жәңгір ханға қатысты тапқан тың мәліметтерін шараға жиналған қатысушыларға баяндап берді.
Дөңгелек үстелге университет оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты. Сондай-ақ, ZOOM форматында қосылған жас мамандар, мен тыңдаушылар сұрақтар қойып, қатысушылардың пікір алмасуымен аяқталды.
