27.09.2024ж. БҚО, Орал қаласындағы Достық үйінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, түркітанушы ғалым, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Мұрат Бөкенбайұлы Сабырдың 60 жасқа толуына байланысты ұйымдастырылған «Түркі әлемі: орта түркі дәуірі (Х-XVғ.) жазба мұраларының рухани-мәдени кеңістігі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Мәжілісті модератор ретінде филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессорМамыров Азамат Ыбырайұлы жүргізді.

Конференция мақсаты атауынан байқалып тұрғандай ұлттық болмысымызды тану, насихаттау.Түркі әлемінің өткенін безбендеу, бүгінін бағамдау, болашағын жоспарлау.

Конференция басында Мұрат Бөкенбайұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейне баян көрсетіліп, ғалымның кезекті ғылыми-зерттеу еңбегінің тұсауын кесу рәсімімен жалғасты. Қатысушыларға автордың қазақ, орыс, түрік тілінде шыққан ғылыми мақалалары топтастырылған «Тіл – ұлттық код» кітабы таныстырылды.

Еңбек Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілі – рухани, мәдени құндылықтар әлемі» (АР19679282) атты жоба аясында жарияланды.

      Ғылыми жинақ қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы ғалымдар мен оқытушыларға, студенттер мен магистранттарға, докторанттарға және тіл мен әдебиетке қызығатын барша ғылыми көпшілік қауымға арналған.

Конференцияның кіріспе сөзін тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі Рысбеков Тұяқбай Зейітұлы бастап, университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шакешев Бекболат Теміржанұлы жалғастырды.

Конференция барысында қонақтар таныстырылып, келесідей баяндамалар тыңдалды:

  1. Бекежан Өмірбек Қадырханұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі – Ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерінің философиялық танымдық ерекшеліктері.
  2. Самситова Луиза Хамзовна, Башқұртстан Республикасы Ғылым академиясы, Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор – Семантическое пространство концепта «гость» в языковой картине мира (на материале башкирских и казахских народных пословиц и поговорок) – Әлемнің тілдік бейнесіндегі «қонақ» концептісінің семантикалық кеңістігі (башқұрт және қазақ мақал-мәтелдері негізінде).
  3. Әбдіуақап Қара – ғалым, түрколог(Түркия) – Әріптес дос, түркітанушы Мұрат Бөкенбайұлы туралы.
  4. Ержан Серікұлы Мұқаш, ҚР Сыртқы істер министрлігі «Отандастар қоры» комерциялық емес акционерлік қоғамы Басқарушы директоры, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері. Астана қ. – Ортақ түркі алфавитін қалыптастыру мәселесі
  5. Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Пға академигі – Профессор Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы – қайраткер, ғалым, педагог.
  6. Хабибуллина Зулейха Ахметовна, Мифтахетдин Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, Филология ғылымдарының кандидаты – Ономастическая лексика письменных памятников башкир – Башқұрт жазба ескерткіштеріндегі ономастикалық лексика.
  7. Жексенғалиев Болат Өтеғалиұлы, тілші-маман, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филалының кеңесші-сарапшысы(Астана) – Тіл қисыны және тіл болмысын тану, сақтау мәселелері.
  8. Қайыров АсанБақиұлы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты – Профессор М.Б.Сабыр еңбектеріндегі қыпшақтанудың өзекті мәселелері.

Конференцияның құттықтаулар бөлімінде профессор М.Б.Сабырды мерей жасымен құрылтайшылар Т.З. Рысбеков, Б.Ғ. Шынтемірова, университет ректоры Б.Т. Шакешев және облыстық, қалалық білім, мәдениет саласының қызметкерлері, шәкірттері құттықтады. Сондай-ақ М.Б.Сабырдың тұлғалық қасиеттері туралы ұстаздары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры З.Қ. Бисенғали мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры Ж.А. Манкееваның және түрік ғалымдары Гөксал Өзтүрік пен Абдолла Көктің бейне құттықтаулары көрсетілді.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz