БҚИТУ ұжымы шет тілдері және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қусаинова Дина Жақсығалиевнаны «Студенттердің құқықтық лексикасын дамыту технологиялары (орыс бөлімінің студенттері үшін)» атты монографиясының жарық көруімен құттықтайды.

Монографияда орыс бөлімінде білім алатын студенттердің кәсіби бағытталған құқықтық лексикасын жетілдіру мәселелері кешенді түрде қарастырылған. Білім алушылардың болашақ кәсіби қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, сөздік қорын дамытуға бағытталған әдістемелік тәсілдерге ерекше назар аударылған.

Автор құқықтық терминологияны қазақ тілінде саналы әрі шығармашылық деңгейде меңгеруді қамтамасыз ететін заманауи технологиялар мен тиімді оқыту әдістерін жүйелеген. Еңбекте заң терминологиясын меңгертудің өзекті тәсілдері, кәсіби бағыттағы коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру жолдары, сондай-ақ оқу үдерісінде студенттердің танымдық белсенділігін арттырудың практикалық тетіктері ұсынылған.

Монография жоғары оқу орындарының оқытушыларына, мұғалімдерге, әдіскерлерге, заң факультеттерінің студенттеріне, тіл үйренушілерге және құқық саласында қызмет атқаратын мамандарға арналған. Аталған ғылыми еңбектің жарық көруі Дина Жақсығалиевна Қусаинованың тілдерді оқыту әдістемесі мен кәсіби бағытталған білім беру саласындағы ғылыми ізденістерінің маңызды нәтижесі болып табылады және кафедра мен университеттің ғылыми өміріндегі елеулі оқиға саналады.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz