01.04.2026 күні қаламыздағы колледждердің бітіруші түлектеріне арналған ашық есік күні аясында маңызды танымдық шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шара 6В07302 – «Құрылыс» білім беру бағдарламасы бойынша өткізіліп, «Құрылыс материалдары және құрылыс жылу физикасы» зертханаларын таныстыру және мастер-класс көрсетуге бағытталды.
Шараның негізгі мақсаты – колледж түлектерін құрылыс саласындағы заманауи білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру, олардың кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу және жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын көрсету болды.
Іс-шара барысында қатысушылар арнайы зертханаларға экскурсия жасап, құрылыс материалдарының қасиеттерін анықтау, олардың беріктігі мен жылу өткізгіштігін зерттеу тәсілдерімен танысты. Оқытушылар мен зертхана мамандары тәжірибелік жұмыстарды көрсетіп, құрылыс жылу физикасы бойынша заманауи құрал-жабдықтардың жұмыс істеу принциптерін түсіндірді.
Мастер-класс кезінде студенттерге нақты тәжірибелер ұсынылып, олар құрылыс материалдарын сынау үдерісіне тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл түлектердің теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға және болашақ мамандықтарына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Сонымен қатар, шара барысында талапкерлерге 6В07302 – «Құрылыс» білім беру бағдарламасының ерекшеліктері, оқу үдерісі, кәсіби мүмкіндіктері мен болашақтағы еңбек нарығындағы сұраныс туралы толық ақпарат берілді.
Ашық есік күні жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Осындай іс-шаралар жастардың дұрыс мамандық таңдауына бағыт-бағдар беріп, құрылыс саласына білікті мамандар тартуға өз үлесін қосады.

