2026 жылғы 11 ақпанда БҚИТУ Салалық технологиялар институтының Ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Днекешев А.К. бастамасымен «Ветеринария» білім беру бағдарламасының 3–4 курс студенттеріне арналған кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің қонағы – Аграрлық инновациялық-технологиялық парктің, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Абуғалиев Серімбек Құрманбайұлы болды. Дәрістің тақырыбы: «Қазақстан Республикасында сүтті мал шаруашылығын дамытудың мәселелері және оларды шешу жолдары».
Іс-шара Батыс Қазақстан өңіріндегі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған көпсалалы кешен – Аграрлық инновациялық-технологиялық парк (АИТП) базасында өткізілді. АИТП заманауи материалдық-техникалық базамен және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген. Орталықтың жетекшісі – PhD докторы, ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі Смағұлов Дархан Бақытбекұлы.
Кездесудің мақсаты – білім алушыларды сүтті ірі қара шаруашылығын жүргізудің заманауи технологияларымен таныстыру, республика көлеміндегі зооветеринариялық мәселелерді талдау, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы жаңа сүт фермаларының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын қарастыру болды.
Дәріс барысында профессор Абуғалиев С.Қ. индустриялық сүт өндірісі жағдайында ветеринарлық дәрігердің рөлінің артып отырғанын атап өтті. Биологиялық қауіпсіздік, репродуктивтік менеджмент, аурулардың алдын алу және алдын ала балау мәселелері жан-жақты қарастырылды. Әсіресе сүт фермаларында жиі кездесетін сиырлардың гинекологиялық ауруларын анықтауға арналған инновациялық құралдар мен заманауи диагностикалық әдістер туралы ақпарат студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Қорытындылай келе, мұндай кездесулерді өткізу студенттердің тәжірибеге бағытталған кәсіби ойлауын дамытуға, олардың нақты өндірістік процестер мен өндірістегі заманауи технологиялық шешімдер туралы білімдерін тереңдетуге ықпал ететінін атап өткен жөн. Оқу үдерісін АИТП сияқты ғылыми-өндірістік нысандармен интеграциялау болашақ ветеринария мамандарын даярлау сапасын арттырып, университеттің өңірдің аграрлық секторымен байланысын нығайтады.

