2026 жылғы 18 қыркүйекте халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту аясында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті (БҚИТУ) мен Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті (ОМПУ) өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті.

Кездесуге ОМПУ-дың ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Елена Вадимовна Бурлуцкая; ОГПУ-дың ағылшын тілі және ағылшын тілін оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Елена Александровна Стуколова; БҚИТУ-дың ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Изимғали Нұрымұлы Жұбантаев; БҚИТУ-дың бірінші проректоры, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Самал Амангелдіқызы Машанова; БҚИТУ білім беру және менеджмент институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Әбибуллақызы Раманова; БҚИТУ білім беру және менеджмент институтының ғылым және цифрландыру департаменті басшысының орынбасары Бақыт Әділгерейқызы Уразова қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты БҚИТУ мен ОМПУ арасындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары мен басым бағыттарын талқылау, сондай-ақ бірлескен ғылыми және білім беру бастамаларын іске асырудың тиімді тетіктерін айқындау болды.

Кездесу барысында бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, университетаралық ғылыми жобаларды әзірлеу және іске асыру, әлеуметтік-экономикалық, педагогикалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу, сондай-ақ отандық және халықаралық ғылыми басылымдарда бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындау мәселелері талқыланды. Талқылаудың жеке бағыты оқытушылардың, зерттеушілердің, докторанттар мен магистранттардың академиялық ұтқырлығын дамытуға арналды. Тараптар қысқа мерзімді ғылыми тағылымдамаларды, ғылыми консультацияларды, өзара академиялық сапарларды ұйымдастыру, ғылыми семинарларға, конференцияларға және басқа да ғылыми-білім беру іс-шараларына қатысу мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесу күн тәртібінде бірлескен білім беру жобаларын әзірлеу және іске асыру мәселелері де маңызды орын алды. Атап айтқанда, бірлескен білім беру іс-шараларын ұйымдастыру, ашық дәрістер мен ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізу, білім беру үдерісін ұйымдастыру саласындағы тәжірибе алмасу және заманауи педагогикалық технологияларды енгізу перспективалары қарастырылды.

Тараптар университеттердің географиялық жақындығы мен ғылыми-білім беру мүдделерінің ортақтығын ескере отырып, полимәдени білім беру саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын да талқылады. Бұл бағытта жоғары білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін мектептердегі полимәдени білім берудің заманауи модельдерін зерттеуге, білім алушылардың мәдениетаралық құзыреттілігін дамытуға және мәдени әртүрлілікті білім беру ортасына ықпалдастыру тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аудару көзделіп отыр.

Халықаралық ғылыми-білім беру форумдарына, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге және жобалық іс-шараларға бірлесіп қатысу ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Аталған іс-шараларға бірлесіп қатысу екі университеттің ғылыми ұжымдары арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды кеңейтуге және олардың халықаралық академиялық ықпалдастығының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту БҚИТУ қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағыт академиялық байланыстарды нығайтуға, ғылыми өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ университет оқытушылары, зерттеушілері мен білім алушылары үшін жаңа академиялық және кәсіби мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz