2026 жылғы 19 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлделі орындарға ие болған өңір спортшылары мен олардың бапкерлерін қабылдады.

Аймақ басшысы спортшыларды айтулы жеңістерімен құттықтап, ел намысын абыроймен қорғаған жерлестеріміздің жетістігі өңір спорты үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 113 мемлекетінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынады. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Батыс Қазақстан облысынан жарысқа жеті спортшы қатысып, олардың төртеуі жүлделі орындардан көрінді:

  • Санжар Өмекей — құнан бәйгеден;
  • Әсемгүл Ғалымжанова — дәстүрлі садақ атудан;
  • Аружан Ықсан — жамбы атудың «Мажар» стилінен;
  • Еркебұлан Нығметов — самбодан.

Жүлдегер атанған төрт спортшының екеуі — Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің өкілдері.

Университетіміздің «Ветеринария» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Аружан Ықсан жамбы атудың «Мажар» стилінен жоғары шеберлік танытып, күміс жүлдеге ие болды. Ал университетіміздің 2026 жылғы түлегі Еркебұлан Нығметов самбодан 79 келі салмақ дәрежесінде табандылық пен қайсарлық танытып, қола жүлдені жеңіп алды.

Бұл айтулы жетістіктер — спортшыларымыздың қажырлы еңбегі мен тынымсыз дайындығының жемісі ғана емес, университетіміз бен тұтас өңір үшін зор мақтаныш.

Кездесу соңында облыс әкімі жүлдегер спортшылар мен олардың бапкерлеріне алғыс хаттар табыстап, қаржылай сыйлықтармен марапаттады.

Жеңімпаздарымызды толағай табыстарымен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда биік белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтата берулеріне тілектеспіз!

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz