Осындай атаумен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында тарих ғылымдарының докторы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Ұлттық Ғылыми академиясының академигі Тұқбай Рысбеков пен оның зайыбы тарих ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Баян Шынтеміровамен кездесу кеші өтті.

Саналы өмірлерінің сан жылдарын ұстаздыққа, ғылымға арнап, бір отбасында тұрып еліміздің тарихын түгендеп жүрген қос тұлғаны кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткен кешке жиылған жұртшылық көп болды. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағанбетов пен аталмыш университеттің доценті Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мұрат Сабыр, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Ғайсағали Сейтақ, ақын Дариға Мұштанова және өзге де әріптестері осы кештен табылды.

  • Бүгін міне, құстың ұясындай орталығымыздың залын құтты қонақтар толтырып отыр. Ол әрине, екеуіңіздің беделіңіз, абыройыңыз, елге деген сыйлы атақтарыңыз деп айтуға болады. Шақыртуымызды қабыл алып, уақыт бөліп келгендеріңізге алғысымыз шексіз. Жалпы облысымызда білім жайлы, ғылым жайлы сөз қозғалса, сіздерді айналып өтпейді. Өйткені сіздердің еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Тұяқбай ағамыздың биік дәрежеге жетіп, тұлға болып қалыптасуына әрине Баян апамыздың да сіңірген еңбегі орасан зор деп ойлаймын. Қарапайым болмыстарыңызбен көпке үлгі болып жүре беріңіздер, – деп алғаш болып ақжарма тілегін білдірген Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтың атынан алғыс хат табыстады.

Кеш барысында Тұяқбай Рысбеков пен Баян Шынтемірованың жүріп өткен өмір жолдарын баяндаған бейнебаян көрсетілді. Кеш иелері жиналған қауым алдында бастарынан өткен қиындықтары мен қуаныштарын айтып, ағынан жарылды.

  • Менің ұстаз болып қалыптасуыма тікелей әсер еткен Жамбылдағы педагогикалық учелищи. Осы оқу орнында оқып жүріп, өзімнің болашақ ұстаздық мамандығымды таңдап, соған өзімді бейімдедім. Оқуды бітірген соң бір жыл мектепте бірінші сыныпқа сабақ бердім. Кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түстім. Бұл университетті тәмамдаған соң жолдамамен өзіміздің өңірдегі А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институында жұмыс істедім. Осы институтта қызмет ете жүріп, бірқатар сатылардан өтіп, басшылық қызметке дейін көтерілдім, – деген Тұяқбай Рысбеков сөз тізгінін зайыбы Баян Шынтеміроваға берді.

  • Біз енді кеңестік дәуірді көрген адамдармыз ғой. Сол кезеңде де қиыншылықтар болмады деп әрине айта алмаймыз. Барлығымыздың алдымызда асқақ арман болған соң, соған жету жолында қандай  қиыншылық келсе де, қасқайып қарсы тұра алатындай деңгейде едік. Өз болашағымызды көз алдымызға елестете білгеннен кейін болар, қиындықтарды жеңе білдік. Ол кезде қазіргідей байдың баласы болсаң еш қиындықсыз оқуға түсіп кету деген болған жоқ. Әркім өз кезегімен аспирантураға оқуға түсті, әрмен қарай оқуын жалғастырғысы келетіндер жалғастырды. Яғни, әлеуметтік әділеттілік болды. Оқуды бітіріп, алғаш жұмысқа тұрғанда айлығымыз 140 рубль болатын. Соған күн көрдік. Сол замандағы қиындық пен қазіргі замандағы қиыншылықты салыстыруға келмес, бірақ, адам баласы қандай жағдайға тап келсе де мойымай, жасымай, тек алға беттеуі керек. Жалпы бастан кешкен қиындықтарды айта берсек оған уақыт жетпес.  Біздерді құрметтеп, осы рухани орталыққа шақырған Бауыржан Халиоллаға ризашылығымызды білдіреміз, – деді Баян Ғаббасқызы.

Шарада сондай-ақ Әсет Тасмағанбетов, Жаңабек Жақсығалиев, Мұрат Сабыр, Ғайсағали Сейтақ жүрек жарды лебіздерін білдірді.

Жергілікті әншілердің ел мен жер, әке-ана, перзент тақырыбында шырқаған әндері шараның шырайын кіргізді. Осы тұста айта кетерлігі  өңірімізге танымал журналист Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші-композитор Ербол Ақбасовтың әні (орындайтын автор) Баян Ғаббасқызына арнап шығарған «Баян сұлу» атты әннің тұсауы кесілді.

Кеш соңында Баян Ғаббасқызы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиоллаға алғысын айтып, естелік сыйлық тарту етті.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz