Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде филология, мәдениет және оқыту әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен «Сапа апталығы – 2019» аясында «Латын графикасына көшудің лингвистикалық және саяси аспектілері» тақырыбында жиын өтті. Жиынға Алматы мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты Құспан Аронов, БҚИТУ-дың филология, мәдениет және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Әжіғалиев, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Басқосуда Бижомарт Сейсенбекұлы латын әліп­биіне ауысу – сауаттылыққа салқынын тигізбей, түпкілікті оң­тайлы нұсқасына тоқталуда әлі де тал­қыланып жатқанын жеткізді. Ол дыбыстарға таңдаған таңбалары дұрыс болып, жасаған емле ережелер тіл табиғатына жайлы болып, жаңа әліпбиді қолданысқа енгізуге көп уақыт қажет емес екенін айтады. «Осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын жасалған Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиімен хат танып кету үшін қабілеті балаға төрт-ақ апта қажет  болғаны белгілі. Ал енді сауаты бар қазаққа дұрыс әліпбимен жүгіртіп оқып, жазып кету үшін төрт-ақ сағат қажет болар. Яғни, дайын әліпбиді енгізу қазіргі таңда тіптен оңай шаруа. Қазіргі ІТ технологияның дамыған кезінде электронды нұсқасы бар кириллдегі барлық мәтіндер әп-сәтте-ақ конвертер арқылы жаңа латын әліпбиіне қотарыла салады. Бұл өте қарапайым тәсіл. Тіпті мәтіннің скан нұсқасын танып жаңа әліпбиге аудару да аса қиын шаруа емес. Алайда әліпби мен оның емле ережесін әзірлеп, бекітуге көп уақыт керек. Қазақ дыбыстарына әріп таңдауға, емлесін әзірлеуге саланы білетін мамандарды қатыстырып, ереженің әр бабын жеке-жеке талқылау қажет, – дейді ол.

Жиын барысында Болат Жексенғалиев, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары өткен ғасырдың басында ұлттық жазу мәселесін ұлттық деңгейге көтеріп, ұлттық мүдде тұрғысынан шешім қабылдауға қол жеткізсе, бүгінгі қазақ қоғамы да осы жолда осы үлгіні басшылыққа алуы керек екенін баса айтты.

Жиында сондай-ақ оқытушылар мен студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ойларымен бөлісті.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz