2025 жылдың 14-наурызында Филология және оқыту әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен «Наурызнама» тұжырымдамасы шеңберіндегі Көрісу айт мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Көрісу айты – тек амандасу рәсімі ғана емес, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы рухани сабақтастықтың көрінісі.
Шара барысында филология ғылымдарының докторы Мұрат Бөкенбайұлы сөз сөйлеп, Көрісу айтының шығу тарихы мен қызықты деректері туралы ақпарат беріп, мерекенің бірлік пен татулықты нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, аға оқытушы Талап Таймасұлы көпшілік қауымға өз батасын беріп, жақсылық пен береке тіледі.
Мерекелік жиын ұлттық өнермен көмкеріліп, ән шырқалып, би биленіп, күй тартылды. Университеттің жас оқытушылары үлкендерге көрісу арқылы ата-бабадан қалған салт-дәстүрді жаңғыртты. Бұл көрініс жиналған көпшіліктің ерекше ықыласына бөленіп, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің маңыздылығын көрсетті.
Осындай игі шаралар халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеуге және ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал етеді. Университет ұжымы Көрісу айты сынды мерекелерді жыл сайын жоғары деңгейде атап өтуді дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.
