21–24 сәуір аралығында «Электротехника, автоматтандыру және есептеу техникасы» кафедрасының 3-курс студенттері, 6В07102 – «Электр энергетикасы» білім беру бағдарламасының білім алушылары, Саратов мемлекеттік генетика, биотехнология және инженерия университетінің Инженерия және робототехника институты базасында өткен «Энергетика үміті» халықаралық студенттік олимпиадасына белсенді қатысты.
Олимпиаданың мақсаты – дарынды жастарды анықтау, электр энергетикасы және электротехника мамандықтары студенттерінің шығармашылық қабілеттерін дамыту, кәсіби саладағы білім деңгейі мен оқыту сапасын арттыру, сондай-ақ жас мамандар арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту.
Бағдарлама теориялық кезеңнен (тестілеу және есептер шығару) және практикалық кезеңнен тұрды. Практикалық байқау аясында:
үш фазалы электрқозғалтқыштың реверстік электр сұлбасын жинау;
жұмыс істеп тұрған күштік трансформатордың оқшаулау кедергісін тексеру;
ӨҚЖ сымын монтаждау тапсырмалары орындалды.
Біздің қатысушыларымыз: Тахамбетов Н., Асылбек А., Орынғали А., Насихов А. жоғары кәсіби және теориялық білімдерін көрсетті. «Россети» АҚ кәсіпорнының және Вавилов университетінің сарапшылары жұмыстардың сапасы мен орындалу жылдамдығы үшін командамызға қосымша ұпай берді.
Нәтижесінде команда 2-орынға ие болып, «ӨҚЖ сымын монтаждау» номинациясы бойынша «Үздік команда» дипломымен марапатталды.


