2026 жылғы 17 ақпанда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Салалық технологиялар институтының коворкинг-орталығында Халықаралық кітап сыйлау күніне арналған семинар өткізілді.

Іс-шара институт басшылығының тиісті өкіміне сәйкес ұйымдастырылып, білім алушылардың кітап оқуға деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға, академиялық оқу мәдениетін дамытуға және университеттің зияткерлік дәстүрлерін нығайтуға бағытталды.

Семинарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған «оқитын ұлт» қалыптастыру тұжырымдамасымен де сабақтастықта қарастырылды. Президент өз Жолдауында кітап оқу мәдениетін дамыту – елдің зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды тетігі екенін атап өтіп, жастардың сапалы білімге ұмтылысын қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуы тиіс екенін ерекше көрсеткен. Осы тұрғыдан алғанда, аталған семинар білім алушылардың рухани-мәдени дамуын қолдауға, олардың сыни ойлау қабілетін жетілдіруге және ұлттық зияткерлік құндылықтарды нығайтуға бағытталды.

Семинарға институттың профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері және білім алушылар қатысты. Семинар модераторлары – Құқық кафедрасының аға оқытушысы, магистр Сарсенова А.Ж. және Мұнай-газ инженериясы кафедрасының аға оқытушысы, магистр Тулемисова С.С. болды. Семинар жұмысына әртүрлі кафедра өкілдері, кітапхана қызметкерлері және тәрбие жұмысы бөлімінің мамандары қатысты.

Іс-шара аясында «Кітап сыйла» атты интерактивті алаң ұйымдастырылып, студенттер арасында оқу мәдениетін насихаттауға және зияткерлік құндылықтармен алмасу дәстүрін қалыптастыруға бағытталды. Қатысушылар кітаптың болашақ маманның кәсіби қалыптасуындағы рөлін, академиялық оқудың кәсіби ойлау мәдениетін қалыптастырудағы маңызын, сондай-ақ түрлі саладағы ғылыми әдебиеттің өзекті үрдістерін талқылады.

Осындай іс-шараларды өткізу академиялық ортаны нығайтуға, білім алушылардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және білім беру үдерісінде тұрақты құндылықтық бағдарларды қалыптастыруға ықпал етеді.

 

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz