Қазақстанда әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы республикалық ақпараттық науқан басталды. Іс-шара некеге мәжбүрлеу, сталкинг және әйелдерге қатысты өзге де зорлық-зомбылыққа төзбеу қағидатын қалыптастыруға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды. Науқан наурыз айының 10-ына дейін жалғасады.
Науқанның мақсаты – әрбір әйел мен қыз бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, зорлық-зомбылыққа жол жоқ екенін және бұндай әрекет міндетті түрде жауапкершілікке әкелетінін көпшілікке насихаттау.
Аталмыш науқан аясында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «QURMET» челленджі аясында жастарды жат қылықтардан сақтандыруға бағытталған кездесу өтті.
Іс-шараға БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Шукеева Гүлжанар Болатқызы, БҚО Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Сатарова Диляра Махмудовна,
БҚО полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Кумаргалиев Рауан Жанболатович,
«Жігер» жобасының аймақтық үйлестірушісі Нурмуханбетова Асылым Сәбитқызы қатысты.
Шарада сталкинг, некеге мәжбүрлеу, жастарға арналған жеке шекара және қауіпсіз орта туралы тренингтер, ата-аналармен балаларды қысым мен манипуляциядан қалай қорғау қажеттігі туралы ақпараттар айтылды.
Басты мақсат – қоғамда кездесетін келеңсіздіктердің алдын алу. Ең бастысы отбасы құндылықтарына ерекше мән беруіміз қажет.
Науқан аясында «QURMET» челленджі жарияланады. Қатысушылар әлеуметтік желілерде фото, бейне және қысқа мәтіндер жариялап, құрмет пен жеке шекара ұғымы туралы өз пікірін бөлісе алады.
Егер сіз немесе жақындарыңыз зорлық-зомбылыққа, қудалауға немесе некеге мәжбүрлеуге тап болса, 102 – полиция, 111 – Ұлттық сенім телефоны, өңірлердегі Отбасын қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтарына хабарласа алады.


