Башқұрт мемлекеттік аграрлық университетіне қызметтік іссапар аясында БҚИТУ СТИ-нің ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі Байтлесова Лаура Ильясовна және аға оқытушы Утарова Мөлдір Мұхтарқызы тағам технологиялары факультеті мен биотехнология және ветеринариялық медицина факультетінде білім беру, ғылыми және практикаға бағытталған қызметті ұйымдастыру тәжірибесін зерделеді.
Сапар барысында факультеттердің материалдық-техникалық базасымен, оқу және ғылыми-зерттеу зертханаларымен танысу жүргізіліп, университет басшылығымен және профессор-оқытушылар құрамымен жұмыс кездесулері өтті. Оқу үдерісін ұйымдастыру, зертханалық инфрақұрылымды дамыту, білім беру бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту мәселелері талқыланды.
Іссапар қорытындысы бойынша материалдық-техникалық базаны жаңғыртудың басым бағыттары айқындалып, оқу-ғылыми қызметті ұйымдастырудың тиімді тәжірибелері анықталды және жоғары оқу орындары арасындағы желілік өзара іс-қимыл бағыттары қалыптастырылды. Бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми жобаларды, жарияланымдарды іске асыруға және академиялық ұтқырлықты дамытуға бағытталған ынтымақтастықтың жол картасы әзірленді.
Аталған іссапар жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті дамытуда және университеттер арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруда маңызды қадам болды.


