Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры Б.Т. Шакешев Алматы қаласында өткен Республикалық студенттік спорт лигасы жеңімпазы, университет студенті Қасан Ақдидарды арнайы қабылдап, жарқын жеңісімен құттықтады.

Кездесу барысында ректор студенттің республикалық деңгейдегі жетістігі тек университет үшін ғана емес, тұтас өңір абыройын асқақтататын маңызды жеңіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп жүрген спортшыға ризашылығын білдіріп, алдағы халықаралық және республикалық додаларда толағай табыстар тіледі.

2026 жылдың мамыр айында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қазақ спорт және туризм академиясы базасында өткен студенттік спорт лигасы аясында еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері арасында қазақ күресінен өткен жарыста университеттің «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Қасан Ақдидар 75+ кг салмақ дәрежесінде (әйелдер арасында) барлық қарсыласынан айқын басым түсіп, алтын медаль иеленді.

Спортшының бұл жетістігі – университетіміздің білім мен спортты қатар дамытып келе жатқандығының айқын көрінісі. Қасан Ақдидар көрсеткен қажыр-қайрат пен жеңіске деген жігер жас буынға үлгі болып, оқу орнының мерейін үстем етті.

Бұл жеңіс – университет ұжымы мен Батыс Қазақстан өңірі үшін үлкен мақтаныш.

Сонымен қатар, шара барысында университет ректоры тәрбие жұмысы жөніндегі проректор А.И. Абекешевке спорт саласына қосқан үлесі мен жанашырлығы үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тарапынан ұсынылған алғыс хатты табыстады.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz