2026 жылғы 29 қазанда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Құқық» кафедрасының 6В04202 «Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын ЮР-31О және ЮР-33О топтарының студенттеріне жылжымалы криминалистикалық зертхананың таныстырылымы ұйымдастырылып, қонақ дәрісі өткізілді.

Іс-шара «Криминалистика» пәні аясында «Криминалистикалық техника» тақырыбына арналды. Қонақ дәрісін Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисі, полиция майоры К. Г. Ғабдулов өткізді. Іс-шараны ұйымдастырушы – «Құқық» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Т. Х. Рахметов.

Университеттің оқу корпусы аумағында өткен сабақ барысында студенттерге БҚО Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасының жылжымалы криминалистикалық зертханасы таныстырылды. Полиция майоры зертхананың негізгі мақсаты, функционалдық мүмкіндіктері және қылмыстарды ашу мен тергеу барысында атқаратын рөлі туралы жан-жақты түсіндірді.

Дәріс барысында жылжымалы криминалистикалық зертхананың кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл, ірі мөлшердегі бөтен мүлікті ұрлау, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары және басқа да ауыр әрі аса ауыр қылмыстарды тергеу кезінде қолданылатыны атап өтілді. Зертхана тәуліктің кез келген уақытында және әртүрлі ауа райы жағдайларында қала мен облыс аумағында қажетті криминалистикалық іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Студенттердің назарына зертхананың арнайы техникалық жабдықталуы ұсынылды. Олар құрамында арнайы ұнтақтар, қылқаламдар, дактилоскопиялық үлдірлер, ұлғайтқыш әйнектер, қолшамдар, қоршау ленталары және басқа да криминалистикалық құралдар бар үш тергеу шабаданымен танысты. Сонымен қатар металіздегіш құрал, 3D-түсірілім жүргізуге арналған жабдық, автономды жарықтандыру генераторы, шатыр және оқиға болған жерді қолайсыз ауа райы жағдайларынан қорғауға арналған арнайы жабын көрсетілді.

Сабақтың практикалық бөлімі білім алушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Криминалист оқиға орнында қол саусақтарының, аяқкиімнің және көлік құралдарының іздерін анықтау, бекіту және алу әдістерін көрсетті. Сондай-ақ заттай дәлелдемелерді іздеу кезінде металіздегіш құралды қолдану тәсілдерін іс жүзінде таныстырды. Студенттер зертхананың ішкі жабдықтарымен танысып, олардың жұмыс істеу мүмкіндіктерін көрді.

Қонақ дәрісінің соңында полиция майоры К. Г. Ғабдулов студенттердің сұрақтарына жауап беріп, өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті және болашақ заңгерлерге оқуда табыс тіледі.

Іс-шараға «Құқық» кафедрасының меңгерушісі Ж. К. Тулеугалиева және кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша Ж. К. Тулеугалиева полиция майоры К. Г. Ғабдуловқа және БҚО Полиция департаментінің Жедел-криминалистикалық басқармасы басшылығына мазмұнды дәріс өткізгені, заманауи криминалистикалық құрал-жабдықтарды таныстырғаны және болашақ заңгерлердің кәсіби даярлығына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Мұндай іс-шаралар университет пен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және болашақ заңгерлік қызметте қажетті практикалық дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz