Биыл еліміздің батыс аймағындағы жетекші жеке жоғары оқу орындарының бірі әрі бірегейі Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің құрылғанына 25 жыл толды. Мерейтой аясындағы шаралар легі бүгін «Болашаққа бағытталған білім!» атты салтанатты шарамен қорытындыланды. Мерекелік жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, университет құрылтайшылары, білім ордасының ардагер-ұстаздары мен профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысты.
Алғашқы оқу жылын 4 мамандық, 60 шақты студентпен бастаған білім ордасы өткен 25 жыл ішінде сандық және сапалық тұрғыда дамудың даңғыл жолына түсті. Университет құрылымына 2 институт, 12 кафедра, ғылыми кітапхана, редакциялық-баспа бөлімі, оқу және өндірістік бағыттағы бөлімшелер кіреді. Ширек ғасырлық шежіре, тәуелсіздік жылдарындағы жарқын жетістіктер мерейтойға орай арнайы дайындалған көрмеден көрініс тапты. Салтанатты шараға шақырылған қонақтар алдымен көрмеге қойылған үздік ғылыми еңбектермен, тың жобалармен танысты.
1998 жылы «Дәуір» гуманитарлық-экономикалық институты болып ашылған оқу орны 2000 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы ретінде қайта құрылды. Жиналғандар назарына университет жылнамасы жайлы бейнефильм ұсынылды. Бұдан соң сахна төрінде университеттің үздік түлектері, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының төрағасы Гаухар Шайхиниязова мен облыстық қоғамдық даму басқармасының жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы Мирфат Бисекенов еліміздің батыс аймағындағы алғашқы жеке жоғары оқу орнының тарихынан сыр шертетін «БҚИТУ – тарих және болашаққа бағдар» кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді. Басылымда білім ордасының бай шежіресі, профессор-оқытушылар құрамы мен шәкірттердің жетістігі хатталған.
Университет мерейтойына орай әр тараптан құттықтаулар келуде. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Жоғары оқу орындарының ректорлары Кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов білім ордасының ұжымына жүрекжарды лебізін бейнеқұттықтау арқылы жеткізді.
БҚИТУ-дың бағындырған биігіне салтанатты шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ерекше екпін түсірді. Алғашқы ректор, профессор, тарих ғылымдарының докторы Баян Шынтемірованың университеттің қалыптасуы мен дамуы жолындағы ерен еңбегін ерекше атап өтті.
Мерекелік кеште еліміздің жоғары білімі мен ғылымына қосқан айрықша үлесі үшін университеттің бір топ профессор-оқытушылары ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің «Еңбек ардагері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты Бекболат Шакешев бір топ әріптесімізге ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының төсбелгілері мен алғыс хаттарын табыстады. БҚИТУ құрылтайшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры Қазыбай Бозымов құттықтау сөз алып, жеке жоғары оқу орнының тарихы ел өмірінің маңызды кезеңдерімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Университеттің даму жолында тынымсыз тер төккен профессор-оқытушылар мен қызметкерлерді мерейтоймен құттықтады.
Ғылымды шаңырақтың досы көп болады. БҚИТУ алыс-жақын шетелдік университеттермен ғылыми ынтымақтастық орнатқан іргелі ғылыми-білім кешені. Осы орайда мерейтойға серіктес университеттерден атап айтсақ, Тәжікстан Республикасы, Тәжік мемлекеттік коммерция университетінен, Ресей Федерациясы, Б.Б. Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университетінен, Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінен, Удмурт мемлекеттік университетінен, көптеген алыс және жақын елдерден және өңіріміздегі жоғары оқу орындарынан да арнайы құттықтаулар жолданды.
Салтанатты жиын университет оқытушылары, түлектері мен студенттері дайындаған мерекелік концерттік бағдарламамен түйінделді.

















