2024 жылдың 29-қарашасында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Қазақстандағы Президент институтының қалыптасуы мен дамуы» атты дөңгелек үстел өткізілді. Шара басында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Білім және менеджмент институтының директоры Тасмағамбетов Әсет Сембайұлы модератор ретінде сөз алып, ұйымдастырылып отырған жиынның мақсат-міндеттерімен таныстырса,
БҚИТУ тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, экология магистры Абекешев Аянбек Иманбайұлы дөңгелек үстелге жиналған профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларды шараның бағдарламасы және баяндамашылармен таныстырды.

«Қазақстандағы Президент институтының қалыптасуы мен дамуы» атты дөңгелек үстелді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Білім және менеджмент институтының директоры Тасмағамбетов Асет Сембайұлы: «Конституционалық реформалар және олардың Қазақстандағы президенттік институттың дамуына ықпалы» атты баяндамасымен бастады.

Баяндамада Қазақстандағы конституциялық реформалар мен олардың президенттік институттың дамуына әсері, негізгі реформалардың кезеңдері қарастырылып, елдің саяси жүйесінің негізін қалаған және оны жаңа сын-қатерлерге бейімдеген өзгерістер талданды.

Асет Сембайұлы өз баяндамасында конституциялық реформалардың Қазақстанның саяси жүйесінің эволюциясында маңызды кезеңге айналғаны, демократиялық институттарды нығайтуға және теңгерімді басқару құрылымын қалыптастыруға ықпал еткенін алға тартып,  бұл реформалар мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, ашықтыққа, теңдікке және тұрақтылыққа деген ұмтылысты көрсететінін жеткізді.

Келесі «Президенттік институт: кейбір құқықтық аспектілері» тақырыбындағы баяндаманы заң ғылымдарының кандидаты, тарих және құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры Құставлетов Хамидулла Мұхитович  ортаға салды.

Хамидолла Мухитович өз баяндамасын Қазақстандағы президенттік институттың тарихи қалыптасуы мен эволюциясын талдауға арнап, мемлекеттік құрылымның 1990-жылдардағы кеңестік жүйенің дағдарысы жағдайында құрылуының алғышарттары және елдегі саяси тұрақтылықты, тиімді басқаруды және реформалық жүзеге асырудағы басты рөлін қарастырып, Қазақстан Республикасы Президентінің Конституция мен заңнамалық актілерде бекітілген құқықтық мәртебесіне, сондай-ақ конституциялық реформалар аясындағы өкілеттіктерінің өзгеруіне ерекше назар аударып атап өтті.

Дөңгелек үстелде тыңдалған «Қазақстандағы Президенттік институттың қалыптасуы мен дамуындағы негізгі кезеңдер» атты тарих және құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ерназаров Жасқайрат Тлекқабылұлының баяндамасында Қазақстандағы президенттік институттың күрделі және көп қырлы даму жолынан өткендігін, оның қалыптасуы кеңестік жүйенің дағдарысы жағдайында басталғанын атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылған қазіргі институттық реформалардың дамуының жаңа кезеңінің ашылғандығын, бұл қадамдар тұрақтылық, әділеттілік және қоғамның сеніміне негізделген теңгерімді басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталғандығы баяндалды.

Тарих ғылымдарының кандидаты, тарих және құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры Абдрахманова Райса Лесқызы Қазақстанның суперпрезиденттік басқару моделінен теңгерімді саяси жүйеге көшуіне арналған «Суперпрезиденттік модельден теңгерімді саяси жүйеге өту: сын-қатерлер мен болашағы» атты баяндамасында Президенттің өкілеттіктерін шектеу, Парламенттің рөлін күшейту және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы билікті орталықсыздандыру мәселелеріне тоқталып, 2022 жылғы реформаға баса назар аудара отырып, оның ашықтықты арттыруға, демократияландыруға және саяси бәсекелестік үшін жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Баяндамада жүргізілген реформалардың азаматтардың сенімін нығайтуға, президенттік институтты қазіргі заманғы сын-қатерлерге бейімдеуге және неғұрлым тұрақты саяси жүйені қалыптастыруға ықпал ететіні, азаматтық қоғамды дамыту және элиталардың қарсылығы сияқты мәселелер болғанымен, бұл өзгерістер Қазақстанның демократиялық және ашық мемлекет ретінде ұзақ мерзімді дамуына негіз болатыны алға тартты.

Дөңгелек үстелді тарих ғылымдарының кандидаты, тарих және құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры Құрманалин Самат Бақытжанұлы  «Қазақстанда президенттік институттың пайда болу алғышарттары мен ерекшеліктері» атты баяндамасымен қорытындылады. Баяндамада Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы, президенттік институттың сыртқы саясаттағы рөлі, атап айтқанда, ядролық қарудан бас тарту бастамалары,  елдің халықаралық беделін арттырғаны жөніндегі мәселелер қарастырылды. Ғалым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан қазіргі реформалар «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған, онда демократияландыру, әділеттілік және басқарудың ашықтығы негізгі басымдықтар болып табылатындығын, бұл президенттік институттың болашақтағы маңыздылығын растайтынын алға тартты.

Дөңгелек үстел барысында қатысушы оқытушылар мен білім алушылар пікір алмасып, құнды ойларымен бөлісті.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz