2024 жылғы 12 қыркүйекте Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Палуанова Лаурамен кездесу өтті. Erasmus+ – ЕО-ның білім беру, кәсіптік оқыту, жастар саясаты және спорт саласындағы 35 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан жетекші бағдарлама. Кездесу барысында Лаура Калабаевна Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің қызметі туралы айтып, Erasmus Mundus бағдарламасының, Жоғары білім беру әлеуетін арттыру бағдарламасының, Жан Моне жобасының мүмкіндіктері және перспективаларымен таныстырды. Ол Қазақстанда іске асырылып жатқан жобалардың статистикасына егжей-тегжейлі тоқталып, бағдарлама жобаларына қатысу үшін кейбір ұсыныстар берді. Университет оқытушылары мен білім алушылары Халықаралық кредиттік ұтқырлық бағдарламасына, Жан Моне жобаларын әзірлеуге және жазуға үлкен қызығушылық танытты. Кездесу сұрақ-жауаптармен жалғасты. Erasmus + бағдарламасына қатысу университеттің ынтымақтастығы мен дамуы үшін жаңа көкжиектер ашады.


