2025 жылғы 3–5 қараша аралығында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Ресей Федерациясы, Саратов қаласындағы Н.И. Вавилов атындағы Саратов мемлекеттік генетика, биотехнология және инженерия университетінің шетелдік оқытушылары дәрістер циклін өткізді.

6В07105 – «Автоматтандыру және басқару (салалар бойынша)» білім беру бағдарламасының білім алушылары үшін техника ғылымдарының докторы, доцент Бакиров Сергей Мударисович «Электр машиналары және электр жетегі» пәні бойынша дәрістер өткізді. Сабақ барысында электр жетектерін құрастыру және басқарудың заманауи тәсілдері, электр машиналарын есептеу ерекшеліктері, сондай-ақ өндірістік автоматтандыру жүйелерінде интеллектуалды технологияларды қолдану мәселелері қарастырылды.

6В07102 – «Электр энергетикасы» білім беру бағдарламасының білім алушылары үшін техника ғылымдарының кандидаты, доцент Бахтеев Сергей Владимирович «Электрмен жабдықтау жүйесіндегі өтпелі процестер» пәні бойынша сабақтар жүргізді. Дәрістер заманауи электрэнергетикалық жүйелердегі өтпелі процестерді талдау мен модельдеудің өзекті әдістерін және электрмен жабдықтау жүйелерінің сенімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелерін қамтыды.

Шетелдік оқытушылар өткізген дәрістер білім алушылардың кәсіби құзыреттерін кеңейтіп, электроэнергетика және автоматтандыру салаларындағы ғылыми және практикалық білімдерін тереңдетуге мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, ғылыми-педагогикалық тәжірибе алмасуға және болашақ инженер мамандарды даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.

Білім алушылар оқытушылардың жоғары кәсіби деңгейін, ұсынылған материалдың өзектілігі мен практикалық бағыттылығын атап өтіп, халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға қызығушылықтарын білдірді.

 

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz