Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында жас мұғалімдердің «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» республикалық форумы өтті. Ұйымдастырылып отырған бұл шараға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінен оқытушы Н.Н.Бекбулатова қатысты. Форум жас мұғалімдер үшін пікір алмасып қана қоймай, табысты адамдар мен өз қатарластарының ойын біліп, қызықтырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беретін пікірталас алаңына айналды. Тақырыптық алаңдарда мұғалімдер білім берудегі басты мәселелерді талқылап, бірлесіп шешім іздеуге мүмкіндік алды. Жас ұстаздарға Педагогикалық шеберлік орталығы мамандарының сабақ құрылымын зерттеу, функционалды сауаттылықты арттыру, SAMR технологиясы, Жасанды интеллект АІ сияқты маңызды тақырыптар бойынша тренингтер ұсынылды. Республикалық жас мұғалімдер форумына қатысқан педагогтер де өз білгенін ортаға салып, сабақ беруде қолданатын түрлі әдіс-тәсілдерін бөлісті.
Ал Зияткерлік мектептің педагог-психологтары өткізген тренингте мұғалімдер эмоционалды интеллектінің маңызы жайлы біліп, эмоцияны тану және басқарудың жолдарын меңгерді.
Мұғалімдердің білімі мен білігін арттыруға арналған дәрістерден бөлек, қызықты уақыт өткізіп демалуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды. Жас педагогтер спорттық ойындар ойнап, сурет салып, фильм дыбыстады.
Форумның соңында қорытынды бөлімінде әрбір қатысушы жас маманға арнайы сертификат пен алғыс хат табысталып, олардың кәсіби дамуға деген ынтасы мен белсенділігі жоғары бағаланды.

