8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов медицина, білім, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт саласының дамуына зор үлес қосып жүрген нәзік жандыларды салтанатты түрде құттықтады. Қала әкімінің облыстың әйелдер қауымымен кездесуі – адамзаттың жартысының еңбегін тағы бір мәрте атап өту болып табылады. Бір кесе шай үстінде өткен бейресми кездесуге әр түрлі жастағы, түрлі мамандықтағы қыз-келіншектер қатысты, бірақ олардың барлығын туған жерге, еңбекке деген сүйіспеншілік біріктірді. Аруларымызды келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған қала әкімі көп балалы аналар болсын, дәрігер болсын, мұғалім болсын, кәсіпкер әйелдер болсын, басқа да сала мен кәсіптің өкілдері болсын, мемлекет экономикасының дамуындағы барлық әйелдердің рөлін ерекше атап өтті. Кездесуге Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Салалық технологиялар институтының ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты Байтлесова Лаура Ильясовна қатысты. Әкімдік нәзік жандылар үшін мерекелік концерттік бағдарлама дайындады, онда әйелдерге, көктем мен махаббатқа арналған қазақстандық және шетелдік хиттер орындалды. Денсаулық пен бақ-береке тілеген қала әкімі құттықтау хаттар, гүл шоқтары және естелік сыйлықтар табыс етті, сондай-ақ аяулы аруларға «олардың бар болғаны және өмірімізді көркейте түскені үшін» шынайы алғысын білдірді.

