№45 жалпы орта білім беретін мектебінде жоғары сынып оқушыларына арналған «Мамандықтар жәрмеңкесі» ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның басты мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыт беру, олардың кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу және жоғары оқу орындары туралы жан-жақты ақпарат беру болды.

Жәрмеңкеге Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің маркетинг және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық басқармасының мамандары арнайы қатысып, оқушылармен мазмұнды кездесу өткізді. Университет өкілдері талапкерлерге оқу орнындағы білім беру бағдарламалары, заманауи мамандықтар, оқу формалары, грантқа түсу мүмкіндіктері және қабылдау талаптары туралы кеңінен ақпарат берді. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын еркін қойып, нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Әсіресе, мамандық таңдау кезінде қандай факторларға назар аудару керектігі, болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, студенттік өмірдің ерекшеліктері туралы сұрақтар жиі қойылды.

Іс-шара барысында оқушыларға ақпараттық буклеттер мен таныстырылым материалдары ұсынылып, университетке түсу жолдары кезең-кезеңімен түсіндірілді. Бұл өз кезегінде түлектердің кәсіби бағыт-бағдарын нақтылап, олардың болашаққа деген сенімін арттыруға ықпал етті.

Осындай мазмұнды кездесулер мектеп оқушылары үшін аса маңызды, себебі дәл осы кезеңде олар өмірлік маңызды шешім қабылдайды. Мамандықтар жәрмеңкесі оқушылардың өз қабілеттерін дұрыс бағалап, саналы таңдау жасауына үлкен мүмкіндік берді.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz