Университетіміз Жоғары білім қызметкерлері күні мен ұстаздар күнін атап өтті. Салтанатты шараға университетіміздің ғалымдар мен профессор-оқытушылар құрамы және студент жастар қатысты.

Салтанатты жиында ұжымды алғаш болып Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің құрылтайшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Тұяқбай Зейітұлы Рысбеков құттықтады.

Ол өз сөзінде жоғары білім саласының қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтіп, ұстаздық қызметтің зор жауапкершілік пен табандылықты талап ететін мәртебелі мамандық екеніне тоқталды. Сондай-ақ университет ұжымының сапалы білім беру, білікті мамандар даярлау, ғылымды дамыту және өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегіне жоғары баға берді.

Тұяқбай Зейітұлы барша оқытушылар мен қызметкерлерге кәсіби табыс, шығармашылық ізденіс, жаңа жетістіктер мен толағай табыс тілеп, білім ордасының абыройы асқақтап, мерейі үстем бола беруіне ізгі тілегін білдірді.

Салтанатты жиында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекболат Теміржанұлы Шакешев ұжымды Қазақстан Республикасының Жоғары білім қызметкерлері күнімен құттықтады.

Өз сөзінде ректор: «Сіздердің жоғары кәсіби біліктіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіз бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, ғылымды дамытуға және еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға берік негіз қалайды. Университетіміздің әрбір жетістігінде әрқайсыңыздың лайықты үлестеріңіз бар. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, олардың бойына ізденімпаздық, шығармашылық және жаңашылдыққа деген ұмтылыс қалыптастыру жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деп атап өтті.

Мерекелік шара барысында жоғары білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен және ғылым мен білімді дамытуға қосқан үлесімен ерекшеленген бірқатар профессор-оқытушылар құрамына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттарын салтанатты түрде табыс етті. Бұл марапаттар – ұстаздар қауымының адал еңбегі мен кәсіби жетістіктеріне көрсетілген зор құрметтің айқын белгісі.

Сонымен қатар мереке аясында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген университетіміздің бір топ оқытушылары мен қызметкерлері Батыс Қазақстан облысы әкімінің және Орал қаласы әкімінің дипломдары мен алғыс хаттарымен марапатталды.

Марапаттарды университетіміздің бірінші және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Машанова Самал Амангельдиновна салтанатты түрде табыстап, әріптестерін мерейлі марапаттарымен құттықтады.

Салтанатты жиынның екінші бөлімі университеттің талантты оқытушылары мен студенттері Жоғары білім қызметкерлері күніне арнайы дайындаған мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

Кеш барысында университет өнерпаздары әсем ән мен мың бұралған биден шашу шашып, ұлттық аспаптарда орындалған әсерлі шығармаларымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Вокалды-аспаптық ансамбльдің орындауындағы әуезді туындылар мен мәнерлеп оқылған көркем шығармалар мерекелік шараның мазмұнын байытып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Өнерлі жастар мен ұстаздардың шығармашылық ізденісі мен шеберлігі үйлесім тапқан концерттік бағдарлама жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің сәні мен салтанатын арттыра түсті.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz