4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен магистранттары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын салтанатты түрде орындады.

Іс-шараның мақсаты – әрбір қазақстандықтың туған жеріне, елі мен халқына деген мақтаныш сезімін арттыру, патриоттық рухты нығайту және азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру.

Салтанатты жиынды университеттің тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Аянбек Иманбайұлы Абекешев құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде мемлекеттік рәміздердің барша Қазақстан халқын ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін, ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, тәуелсіздігіміздің тұғырын айқындайтын маңызды нышандар екенін атап өтті.

Мемлекеттік Ту – Қазақстанның тәуелсіздігі мен біртұтастығының белгісі. Мемлекеттік Елтаңба – халқымыздың тарихи жолын, ұлттық құндылықтары мен бірлігін бейнелейтін қасиетті рәміз. Ал Мемлекеттік Әнұран Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ұялатып, жарқын болашаққа деген сенім мен ұмтылысты дәріптейді.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Оларды қастерлеу жоғары азаматтық жауапкершілік пен шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі болып табылады.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz