Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Салалық технологиялар институтында талапкерлерге арналған іс-шара ұйымдастырылып, оған Тасқала ауданы Мерей жалпы білім беретін мектебінің оқушылары қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ талапкерлерді жоғары оқу орнының білім беру мүмкіндіктерімен, заманауи инфрақұрылымымен және кәсіби даму бағыттарымен таныстыру болды. Мектеп оқушылары университеттің оқу үдерісімен, білім беру бағдарламаларымен, зертханалық базасымен және студенттерге жасалған жағдайлармен жақынырақ танысты. Кездесу барысында университет өкілдері талапкерлерге қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар, оқу бағыттары, қабылдау шарттары және болашақтағы кәсіби мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берді.

Іс-шара барысында оқушыларға Салалық технологиялар институтында жүзеге асырылатын техникалық, инженерлік, IT және өндірістік бағыттағы білім беру бағдарламалары таныстырылды. Сонымен қатар, университетте білім алу барысында теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға, заманауи технологиялармен жұмыс істеуге және кәсіби құзыреттерді дамытуға ерекше көңіл бөлінетіні айтылды. Қонақтар оқу кабинеттерін, арнайы зертханаларды, тәжірибелік аудиторияларды аралап, студенттердің оқу процесіне қажетті техникалық мүмкіндіктермен танысты. Университеттің материалдық-техникалық базасы, инновациялық мүмкіндіктері мен заманауи білім беру ортасы мектеп оқушыларының ерекше қызығушылығын тудырды.

Кездесу ашық әрі еркін форматта өтіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, университет өмірі, студенттік орта, оқу гранттары, академиялық ұтқырлық және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы толық мәлімет алды. Мұндай жүздесулер жас түлектердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына, өз қабілеттері мен қызығушылықтарын дұрыс бағалауына ықпал етеді. Тасқала ауданы Мерей жалпы білім беретін мектебінің оқушылары үшін бұл кездесу жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан маңызды танымдық шара болды.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz