Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, Филология, мәдениет және оқыту әдістемесі кафедрасы «Музыкалық білім, Мәдени тынығу» білім беру бағдарламалары оқытушыларының ұйымдастыруымен университет көлемінде 2022 жылдың 07 желтоқсан күні қазақ мәдениетінде өшпес із қалдырған ұлы композитор, ән әлемінің падишасы, Қазақстанның халық әртісі, қазіргі қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі Шәмші Қалдаяқов әндерін жастарға насихаттау мақсатында оқытушылар мен студенттер арасында “Сазды әуен” жұптық ән байқауы өткізілді.
Байқауға әр кафедра бойынша барлығы 8 жұп қатысты. Байқауға қатысушыларға орындаушылық шеберлік, сахна мәдениеті, киім үлгісі, музыканың кәсіби өңделуі, әннің 2 дауысқа бөлінуі және лэд экраннан әнге байланысты бейне таспа көрсетілімі, сахналық қойылым көрсету талаптары қойылды. Байқау қызықты, әрі тартысты өтті.
Бас жүлдені «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Сансызбаева Мадина және қауымдастырылған профессор Ажғалиев Марат Қайыржанұлы иеленді. Жүлделі бірінші орынды «Есеп және қаржы» кафедрасы, екінші орынды «Педагогика және психология» кафедрасы, үшінші орынды Тіркеу бөлімі мен «Мұнай газ ісі» кафедрасы иеленді.
Байқау соңында қатысушылар дипломдар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.
