11 қазан 2016 жылы экономика және менеджмент кафедрасы оқытушыларының ГФР-дан шақырылған сарапшы Бернхард Видманнмен кездесуі өтті. Бернхард Видманн SES (Senior Experten Service) бағдарламасы бойынша тілдер және менеджмент факультетінің шақыруымен келді. Оның келу уақыты 2016 жылдың 10-ыншы қазанынан 29-ыншы қазанына дейін.
Сарапшының келу мақсаты экономикалық пәндер оқытушыларының біліктіліктерін арттыру.
Аға сарапшы өзінің Ревенсбургтегі коммерциялық кәсіптік училищеде басшы ретіндегі көпжылдық кәсіби қызметінің арқасында, сонымен қатар Баден-Вюрттмберг жерінің мәдениет министрлігіндегі және Тюбингендегі үкіметтік президиумдегі қызметінің арқасында экономика және бизнесті басқару, бухгалтерлік есеп саласында ауқымды білім, сондай-ақ бай педагогикалық тәжірибе жинақтаған.
Бернхард Видманн оқытушыларға ГФР-дағы кәсіптік білім жүйесі туралы әңгімеледі.
Германияның кәсіптік білім жүйесі дүниежүзінде жоғары бағаланады, себебі ол білім беру мекемесі мен кәсіпорында (фирмада) қатар оқытуды ұсынады, соның ішінде екіншісі басымырақ болып саналады, ол оқу жылының 3/4 бөлігін қамтиды. Білім беру мекемесі фирмада алған білімнің теориялық негізін қорытындылайды және жалпы студенттердің ой өрістерін кеңейтеді. Білім алушылардың 80 %-ы фирмалармен шарт жасасады, олар онда оқушылар ретінде оқуға түседі. Білім беру мекемесінде оқыту курсы аяқталғаннан кейін куәлік беріледі, ол фирмада оқытудан өту туралы құжатпен бірге ғана жарамды болады және ЖОО-ға түсуге құқық береді.
ГФР-да 2000 жылдың басынан кәсіптік білім беру үшін білім беру мекемелері мен фирмалардың екі жақты жауапкершілігі болатын дуалдық жүйе енгізілді.
Бағдарлама мамандарды ірі кәсіпорындардан өнеркәсіптің негізін құрайтын шағын және орта кәсіпорындарға қайта бағдарлауға бағытталған. Кәсіптік училищелердің оқушыларының практикалық оқулары сол шағын фирмаларда перспективада жүретін болады деп саналады. Үкімет кәсіптік білім беруді ынталандыру және оған жәрдемдесу мақсатында шағын және орта кәсіпорындар үшін әрбір оқушыларға демеуқаражатын қарастырды.
SES – бұл аға сарапшылардың қызметі, халықаралық ынтымақтастық бойынша неміс экономикасының қоры. SES барлық мүдделі тұлғаларға зейнетке шыққаннан кейін, өз еліндегі және шет елдердегі басқа адамдарға өз білімдері мен икемділіктерін үйрете отырып, қоғам өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. 1983 жылы SES құрылғаннан бері аға сарапшылар әлемнің 160 елінде 25000-нан астам көмек жобаларын жүзеге асырды.
Қаржылай тәуелсіз бола отырып, аға сарапшылар өз білімдерін қоғамдық негіздерде ұсынады. Олар жоғары дәрежедегі жігерлілікпен және бай кәсіби тәжірибемен ерекшеленеді. SES білім мен тәжірибені шекаралар, ұрпақтар және мәдениеттер арқылы беруге көмектеседі.
Кездесу соңында Бернхард Видманн оқытушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу достық жағдайда өтті.
