2020 жылдың 13 сәуірінен бастап 15 сәуірі аралығында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде Шығыстың көрнекті ойшылы әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Ғылымның өркендеуі – инновациялық қоғам дамуының кепілі» атты XX халықаралық жас ғалымдар конференциясы өткізілуде. Конференция Б.Б.Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университетімен бірге ұйымдастырылды.
Конференцияның мақсаты заманауи ғылым мәселелерін шешуге жас ғалымдарды тарту; шығармашылық қабілеттерін ашу; дарынды және зерек студенттер мен магистранттарға қолдау көрсету; жастардың зияткерлік әлеуетінің қалыптасуына көмек көрсету.
Конференцияға қатысу үшін ғылымның басым бағыттары бойынша 300 астам баяндама ұсынылды: әлеуметтік-гуманитарлық, педагогикалық, техникалық, жаратылыстану, экономикалық, заң. Конференция әл-Фараби мұралары және түрік философиясы, тарихы, мәдениеті: өткені мен бүгіні; қазіргі қазақ тіл білімі мен әдебиет тарихы: заманауи бағыттары мен мәселелері; педагогика, психология және оқыту технологиясының өзекті мәселелері; болашақтың инновациялық экономикасын қалыптастыру; аймақтық экономика және кәсіпкерлік; көптілділік – қазіргі білім факторларының бірі ретінде; қазіргі кезеңдегі жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуы; АӨК және мұнай-газ саласындағы инновациялық даму; биотехнология мен экологияның даму болашағы; техникалық коммуникациядағы заманауи инновациялар; құқықтық ғылым және жалпы цифрландыру жағдайындағы заң білімі; қоғамның қазіргі даму кезеңіндегі жаратылыстану ғылымдары мәселелері қарастырылатын 12 секция бойынша жұмыс істейтін болады.
Он-лайн конференцияға тек Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті студенттері, магистранттары мен жас оқытушылары ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның өзге жоо, Саратов, Самара, Оренбург, Белгород, Қазан, Қалмақстан, Удмурт, Қырғызстаннан студенттер, магистранттар, аспиранттар қатысады.
Конференция соңында қортындылар жасалып, ұсыныстар қабылданады. Конференция нәтижелері бойынша «БҚИТУ хабаршысы» ғылыми журналында материалдар жарияланатын болады