Бейресми білім және оның маңыздылығы туралы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Машанова Самал Амангелдіқызымен сұқбат жүргізген болатынбыз.

 

– Самал Амангелдіқызы, бейресми білім алу дегеніміз не??

 

Қазақстанда өмір бойы білім алудың мүмкіндігін тудыратын Lifelong learning үздіксіз білім берудің тұжырымдамасы қабылданған болатын. Ол біздің еліміздің білім жүйесінің маңызды бір бөлігі болып табылады. Ақпараттық технологияның жылдам дамуына байланысты қазіргі заманғы адамның ең басты қасиеті – жаңа дағдылар мен құзіреттілікті игеруге және оқуға деген ұмтылысы мен құштарлығы. Осы сұранысты бейресми білім алудың көмегімен жүзеге асыруға болады. Қазіргі уақытта білім берудің ресми, ақпараттық және бейресми модельдері бар.

Ресми білім  – ол ұзақ уақытқа жоспарларған бағдарлама немесе курс болып табылады. Онда түлекке мемлекеттік немесе халықаралық үлгідегі диплом беріледі. Түлектің кәсібіне сәйкес оқыған курсы бойынша төленетін еңбек қызметімен айналысуға, жоғары деңгейдегі лауазымдық қызметтерді атқаруға және оқу орындарына түсуге, т.б. толық құқы бар. Ресми білімді мектептен, колледждерден, ЖОО-лардан алады.

Ақпараттық білім алу – бұл өзіндік білім алу.

Бейресми білім – бұл орынды, мерзімді және оқу түрін белгілемей-ақ, оқу бітіргені туралы куәлік немесе сертификат берілетін білім беру түрі. Бейресми білім клубтардан, үйірмелерден, әр түрлі курстардан, тренингтерден, қысқа бағдарламалардан, шеберлік кластарынан немесе семинарлардан, бұқаралық ашық онлайн курстардан (БАОК) оқу болып табылады.

 

– Бейресми білімнің мақсат, міндеттері қандай?

 

Бейресми білімнің негізгі мақсаты адамның біліктілігін көтеру мен жаңа білім мен технологияларды игеруі үшін қажетті білім алуын жүзеге асыруына жағдай жасау. Адамның жасына (жас, ересек, егде жастағы, т.б.), қызмет саласына, т.б. қарамай кәсіби құзіреттіліктері мен өзін тұлғалық жетілдіруіне мүмкіндік беріледі. Ең басты басымдығы  – ол оның қол жетімділігі.

Бейресми білім алудың негізгі міндеттері: «аяқталатын білім» концепциясынан «өмір бойына үздіксіз білім алу» концепциясына көшу; танымдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында ересектерге білім беру қызметін ұсыну; бұрын алынған кәсіби білім мен дағдыны  жетілдіру мен тереңдету және жан-жақты кеңейту мен қолдау үшін азаматтардың кәсіби біліктіліктерін көтеру; білім беру бағытының жекелік, икемділік, ыңғайлылық түрлерін қалыптастыру.

 

– БҚИТУ-дағы бейресми білім беру туралы айтсаңыз?

 

Оқу нәтижелерін тану ережесіне сәйкес, ересектердің бейресми алған білімдерінің     нәтижелерін Қазақстан университеттері мойындайды. Университеттегі білім бағдарламаларына түскен жағдайда біз олардың бұрын алынған білім нәтижелерін есепке аламыз.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті кадрлардың кәсіби біліктіліктерін көтеру және қайта даярлаумен де айналысады. Университетте «Мектепке дейінгі мекемелер тәрбиешілерінің кәсіби құзіреттіліктері», «Педагог-дефектологтің кәсіби жұмысының негізгі бағыттарын қалыптастыру жолдары», «Әлеуметтік педагогика», «Инклюзивті білім беру», т.б. курстарға тілек білдірушілер оқи алатын қосымша білім беру орталығы жұмыс жасайды.

Біздің университеттің профессор-оқытушылары құрамы қазіргі таңда бұқаралық ашық онлайн курстарды әзірлеумен айналысуда. Факультеттерде студенттер пайдалы дағдыларды меңгере алатын студенттік үйірмелер, дебат орталықтары, шығармашылық секциялар, спорттық клубтар, т.б. жұмыс жасайды. Студенттер, магистранттар, оқытушылар және барлық тілек білдірушілерге арналған әр түрлі шеберлік кластары үнемі өткізіледі.

Қазіргі жағдайда бейресми білім алу – білім алудың маңызды бөлігі.

 

-Сұхбатыңызға рахмет!

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz