2022 жылы тамыз айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен жүзеге асырылған гранттық жоба (AP08856108 «Материалдық емес мұра теориясы контекстіндегі отбасылық әдет-ғұрыптың орны (Батыс Қазақстан мысалында)» аясында тарих және құқық кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жасқайрат Тілекқабылұлы Ерназаров Ресей Федерациясы Ғылым Академиясы Санкт-Петербург қаласындағы Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейінің (Кунсткамера) аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Инга Владимировна Стасевич пен Ресей Этнография музейінің ғылыми қызметкері Лариса Федоровна Поповамен бірлестікте Атырау облысы Жылыой ауданында этнографиялық экспедицияға қатысты. Этнографиялық экспедицияның мақсаты Батыс Қазақстан қазақтары отбасылық жоралғыларының бүгінгі келбетін дәстүрлі негіз бен заманауи құрам байланысында тарихи даму нәтижесі ретінде сипаттау болып отыр. Далалық этнографиялық зерттеулер жүргізу керекті мәліметтер базасын кеңейтуге, батыс өңір қазақтарының заманауи отбасылық жоралғыларының құрылымы мен мазмұнының нақты сипатын жасауға, мәдениеттің осы саласындағы жаңғыру бағыты мен нәтижелерін айқындауға, отбасылық салт-дәстүр кешенінде дәстүрлі құрам үлгісін сипаттауға мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан қазақтарының отбасылық жоралғылары бойынша жинақталып, талданған материалдар ғылыми айналымға кеңінен еніп, этнография пәні бойынша дәрістер курсын, семинар жобасын жасақтауға пайдаланылып, музейлердің интерактивті бағдарламасына негіз бола алады, монографиялық ізденістер мен мақалалар жазуда қолданылады.

