2018 жылдың 14 наурызында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы және 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Қазақстан Республикасы Президентінің “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы аясында өткізілетін “Адам капиталы – жаңғыру негізі” атты ХVІІІ Халықаралық жас ғалымдардың ғылыми конференциясы өткізілді.
Құттықтау сөзбен БҚИТУ ректоры, экономика ғылымдары докторы, профессор Габдуалиева Раушан Смадинқызы сөз сөйледі. Ол ҚР Президенті Н.А.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында айтылған жастардың жаңа тәуелсіз ойлауы – бұл бүгінгі күні алыс және қол жетпейтін болып көрінетін жаңа мақсаттарға жеткізетін фактор екендігін атап көрсетті.
Шақырылған қонақ ретінде Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері бойынша басқару жетекшісі Сакошев Аян Кажимерұлы сөз сөйледі. Ол қатысушыларды ХVІІІ Халықаралық жас ғалымдардың ғылыми конференциясының басталуымен құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
БҚИТУ ғылыми жұмыстар және халықаралық қатынастар бойынша проректоры, химия ғылымдары докторы, профессор Бурахта Вера Алексеевна өз сөзінде білім мен ғылым болашақтағы табысқа жетудің негізгі факторы болып табылатындықтан, бүгінгі жастардың сапалы білім алу қажеттілігіне баса назар аудартты.
Б.Б.Городовиков ат. Қалмақ мемлекеттік университеті филология каф. меңгерушісі, филология ғылымдары докторы, профессор Мушаев Владимир Наранович ғылыми ынтымақтастық шеңберінде конференцияны өткізудің маңыздылығын, бұл оқу үдерісін жетілдіруге салмақты үлес қосатындығын, бұдан кейінгі нәтижелі ғылыми жұмысқа ынталандыратындығын атап көрсетті.
Пленарлық баяндамаларымен жас ғалымдар, студенттер, магистранттар, аспиранттар, оқытушылар сөз сөйледі. «Казақстан жастары – рухани жаңғыру жолында» тақырыптағы өз баяндамасында БҚИТУ магистранты Баймұратова Данагүл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарын көрсетті.
Б.Б.Городовиков ат. Қалмақ мемлекеттік университеті магистрі Бекетаева Санди «Из истории перевода Калмыцкого героического эпоса «Джангар» на казахский язык» тақырыбындағы өз баяндамасында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Сокровенное сказание монголов» шығармасының салыстырмалы талдауын ұсынды.
БҚИТУ аға оқытушысы, мәдениеттану магистрі, Ю.Ю. Гагарин ат. Саратов мемлекеттік техникалық университеті аспиранты Курманова Жанара Бурамбаевна «Полиязычие как один из приоритетов современного образования и языковой культуры в Казахстане» тақырыбындағы қызықты баяндамасымен сөз алып, жоғары оқу орындарында көптілділіктің белсенді енгізілуі қажеттігін, себебі қазақстандықтардың болашағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруге байланысты екендігін атап көрсетті.
«Қазақстандағы экономиканы жанғырту және туризмнің перспективалары» тақырыбындағы баяндамасымен БҚИТУ 2 курс студенті Толекбаева Данагүл экономика саласына арналған туризмнің даму келешегіне тоқталды.
Заң ғылымдары кандидаты, БҚИТУ доценті Габдуалиев Мереке Тлекович «Актуальные вопросы латинизации “юридической жизни” страны» атты латын қарпіне қазақ тілін көшіру мәселелері мен келешегіне арналған баяндамасын оқыды.
Оқу жұмыстары бойынша проректор, тарих ғылымдары кандидаты, доцент Ерназаров Жаскайрат Тлеккабылұлымен Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетімен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Орынбор және Оралда өткізілген Ресей және Қазақстан халықаралық жас ғалымдар байқауының І,ІІ,ІІ дәрежелі жеңімпаздары дипломдары табыс етілді.
Конференция модераторлары, магистрлер Курманова Жанара және Беккалиев Нұрлан жас ғалымдар атынан алдағы жылдарға Елбасымен белгіленген ел дамуы барлық патриоттық міндеттерінің жүзеге асырылатындығына сенімділік білдірді.








