Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Жыл үздігі – 2019» шарасы өтіп, оған аталмыш университеттің профессоры Баян Шынтемірова мен оқу орнының басшылық құрамы, оқытушылар және студенттер қатысты.

Шарада алдымен БҚИТУ-дың академиялық қызмет бөлімінің меңгерушісі Самал Машанова университеттің осы жылы жеткен жетістігін жіпке тізіп, алда атқаруға тиіс жоба-жоспарларымен бөлісті.

Бұдан кейін сахна төріне БҚИТУ-дың ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Ғабдуалиева шығып, әріптестерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

 Сонымен, «Университетке адалдығы үшін» аталымын университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аянбек Абекешев иеленсе, «Үздік оқытушы-әдіскер» аталымы экономика және менеджмент кафедрасының меңгерушісі, аға оқытушы Айнагүл Төлегеноваға бұйырды. «Университет имиджін көтергені үшін» аталымымен жаратылыстану-ғылыми пәндер кафедрасының аға оқытушысы Рауан Тұрдалиев, «Үздік эдвайзер» аталымымен педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Ботагөз Халикова, «Үздік ғалым» аталымымен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор Самат Құрманалин марапатталды.

Сондай-ақ филология, мәдениет және оқыту әдістемесі кафедрасының доценті Айгүл Раманова мен есеп және қаржы кафедрасының доценті Гүлнар Құрманова универсиет құрылтайшысының атынан берілген сертификат пен қаржылай сыйлыққа ие болды.

Ал студенттер арасындағы бәйгеде Артем Костин («Университет имиджін қолдағаны үшін»),  Эльмира Кұрманова («Жас ғалым»), Мадина Қуанышева («Оқу озаты»),  Естөре Рахметуллин («Белсенді студенті»),  футзалдан (ерлер) БҚИТУ құрама командасы («Спорттағы жетістігі үшін») аталымдарының жеңімпазы болды.

Барлық жүлдегерлерге диплом мен қаржылай сыйлық табысталды.

Шара барысында сондай-ақ облыстық филармонияның бірқатар әншілері мен университет студенттері әннен шашу шашып, өз өнерлерін көрсетті.

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz