2025 жылғы 28 сәуірде сағат 11:00-де ЗКИТУ-дің М. Ихсанов көшесі, 44 мекенжайындағы оқу корпусының акт залында Салалық технологиялар институтының комплаенс қызметі студенттер мен Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын түсіндіру және киберқұқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараның модераторы – СТИ комплаенс қызметінің жетекшісі, құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі (зейнеттегі) Рахметов Т.Х. оқытушылар мен студенттерге қонақтарды таныстырды. Олардың қатарында – БҚО ПД-нің киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мусагалиев А.Г., Уральск қаласы Полиция басқармасы Абай полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бастығы, полиция подполковнигі Сисенғалиев К.К. және оның орынбасары, полиция майоры Жүсіпәлиев Е.А. болды.
Рахметов Т.Х. Мемлекет басшысы Тоқаев Қ.К. ұсынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруда еліміздің әрбір азаматының заң талаптарын сақтауына ерекше мән берілетінін атап өтті. Аталған тұжырымдама заң алдында бәрінің теңдігі, құқықбұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы, кез келген құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік, құқықбұзушылықтардың алдын алуға азаматтардың белсенді қатысуы және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру сынды қағидаттарды қамтиды. Осы мақсатта кездесу өткізілді.
БҚО ПД Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мусагалиев А.Г. өз сөзінде облыстағы киберқұқықбұзушылықтардың артып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда алаяқтардың құрбанына көбінесе зейнеткерлер, қарттар және басқа да осал топтағы азаматтар айналуда. Кибералаяқтардың әдістері үнемі жаңарып отырады және трансшекаралық ұйымдасқан сипатқа ие. Уральск қаласындағы колледждер мен ЖОО студенттерінің дроппер ретінде алаяқтық әрекеттерге қатысып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған нақты мысалдарын келтірді. Кибералаяқтардың қазіргі заманғы түрлері және полиция тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтып, ҚР ҚК аясында жауапкершілік пен дұрыс әрекет ету жолдарын студенттерге түсіндірді.
Абай ПБ ЖПҚ бастығы Сисенғалиев К.К. пен оның орынбасары Жүсіпәлиев Е.А. өз сөздерінде Уральск қаласындағы жастар мен кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың жағдайына тоқталды. Олар бұл санаттағы жасөспірімдердің ұрлық, бұзақылық, буллинг сияқты құқықбұзушылықтарға бару жағдайларын мысалға келтірді. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының талаптарын сақтау және ұсақ бұзақылық – қоғамдық орындарға қоқыс тастау, белгіленбеген жерлерде шылым шегу, жол жүру ережелерін бұзу сияқты әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік жайында түсіндірді.
Кездесу барысында тақырыпқа қатысты бейнероликтер көрсетілді, полиция қызметкерлері студенттердің барлық сұрақтарына жауап берді. Модератор Рахметов Т.Х. ППС және студенттер атынан полиция қызметкерлеріне мазмұнды баяндамалары үшін алғыс білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.
Кездесу студенттер үшін пайдалы әрі танымды сипатта өтті.


