Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Денсаулық–2026» спартакиадасы өз мәресіне жетті.
Аталған спартакиаданың негізгі мақсаты – университет ұжымының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және ұжымдық ынтымақтастықты арттыру болып табылады.
Спартакиада бағдарламасына 8 спорт түрі енгізілді:
волейбол; дойбы; тоғызқұмалақ; үстел теннисі; асық ату; көңілді эстафета; арқан тарту; шаңғы эстафетасы.
Жарыстар бекітілген ережелерге сәйкес өткізіліп, қатысушылар жоғары белсенділік пен спорттық дайындықтарын көрсетті. Әсіресе командалық спорт түрлерінде өзара қолдау, ұйымшылдық және әділ бәсекелестік байқалды. Көңілді эстафета қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, спорттық мерекенің мазмұнын байыта түсті.
Спартакиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жеке қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және номинациялармен марапатталды.
Жалпы алғанда, «Денсаулық–2026» спартакиадасы университет ұжымы арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға және ұжымдық бірлікті нығайтуға үлкен үлес қосты.







